ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛДЫ

23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Өз өмірін өзгелер үшін бәйгеге тігіп, азаматтар мен қоғам тыныштығы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қызметі шын мәнінде мақтау мен мадақтауға тұрарлық. Ал биыл – Қазақстан полициясына 30 жыл. Атаулы датада ел бойынша ауқымды шаралар өтті.

Мәселен, Қазақстан полициясы күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті полицейлерді құттықтап, мемлекет басшысының алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты шараға шаһар басшысынан бөлек қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, жергілікті атқарушы мекеме басшылары, ішкі істер органының ардагерлері қатысты. Жиналғандар алдымен қызмет бабында ерлікпен қаза болған полицейлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында сөз алған қала әкімі Қазақстан полициясы отыз жылда тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен еліміздің тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды құрылым ретінде қалыптасып, дамып келе жатқанын тілге тиек етті. «Бүгінде Президент тапсырмасымен Тәуелсіздікті нығайта түсу, әділетті қоғам құру және құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер енгізу бойынша көптеген істер атқарылуда. Сіздердің антқа адал болуларыңыздың арқасында қаламызда тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мемлекет полицейлердің жалақысын көбейту және баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. Қалалық әкімдік материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алдық. Соңғы 3 жылда полицияға 109 автокөлік, былтыр 3 868 дана бейнебақылау камерасы алынды. Алдағы уақытта қолдау әлі де жалғаса береді. Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!» деді шаһар басшысы.
Салтанатты шарада 50-ге тарта полиция ардагері мен тәртіп сақшылары мемлекет басшысының алғыс хаты және қала әкімінің алғыс хат, естелік сыйлықтарымен марапатталды.