КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР ТІГІН ІСІН ТЕГІН МЕҢГЕРУДЕ

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан игілігі мол жобалар қолға алынып келеді. Мәселен, басқармаға қарасты «Бақытты жанұя» орталығында көпбалалы аналар тігін ісін тегін меңгеріп жатыр. Жұмыссыз жүрген аналарға үлкен қолдау болған бастамамен қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков танысып, тігіншілікті тегін меңгерген жандармен тілдесіп қайтты.

Түрлі тағдырлар тоғысқан орталықтағы арнайы шеберхана тігін машиналары және өзге де қажет құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Көпбалалы аналар мұнда құрақ көрпе, қыз жасауы мен сұранысқа ие сән үлгісіндегі кимдер және түрлі ою-өрнектер кестеленген қазақы нақыштағы тақияларды тігіп үйренуде. Оларға тігін ісін үйрететін шебердің бірі – Еркінай Көшкінова. Көпбалалы ананың асырауында 12 жастағы мүмкіндігі шектеулі перзенті бар. Сол ұлы ою-өрнектердің дизайнын компьютер арқылы әзірлеп береді. «Бақытты жанұя» орталығына жыл басында жұмысқа орналастым. Содан бері осында қыз-келіншектерге тігін тігуді үйретіп келемін. Кәсібім өзіме қатты ұнайды. Үйде қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, мемлекеттік грант қаржысына сатып алған тігін машинам бар. Қосымша тапсырыстар қабылдаймын. Ұлымды да осы кәсіпке баулып жатырмын. Адамда еңбастысы еңбек етуге ниет болуы керек» дейді ол.
Орталықта бұдан өзге бағыттар бойынша да оқу курстары жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, маникюр-педикюр. Дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығулар үйретеді. Жалпы бастама аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көп балалы аналарға қолдау көрсетуді көздейді.
Қазіргі уақытта орталық қызметкерлері келушілерге психологиялық, құқықтық кеңестер береді. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еgov.kz порталынан қызмет алу мәселелері бойынша көмектерін ұсынады. Жыл басынан бері мекеме 7 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеткен. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков мекемені аралау барысында сала мамандарына оқу курстарын тәмамдаған азаматтарды жұмыспен қамту ісіне айрықша назар аудару керегін тапсырды.