ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

2022 жылдың 5 маусымы – жалпыхалықтық референдум күні. Бұл – ел өміріндегі тарихи оқиға, қазақстандық қоғамды демократияландыру жолындағы қажетті әрі маңызды қадам. Шымкент тұрғындары мұндай маңызды оқиғадан үлкен үміт күтеді, өйткені 1995 жылдан бері алғаш рет конституциялық реформа тікелей халықтың дауыс беруі арқылы жүзеге асырылады және «Жаңа Қазақстанды» құру мақсатында мемлекет басшысының жаңа реформаларын жүзеге асырудың бірінші кезеңі болады.

Бүгінгі таңда елімізде өзгерістер ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде жүргізіліп отырған реформалар мемлекетіміздің саяси сәулетін кешенді қайта форматтауға, билік тармақтары арасында тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Еліміз басқарудың суперпрезиденттік формасынан түбегейлі бас тартып, Парламенттің, мәслихаттардың өкілеттіктерін күшейтіледі. Басымдықтардың бірі — партиялық-саяси саланы жаңғырту. Партиялық және сайлау заңнамасын ырықтандыру биліктің барлық деңгейлерінде қабылданатын шешімдердегі қоғам рөлін нығайтады. Сайлаушылардың дауысы үшін бәсекелестік барынша өткірлене түседі.
Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылардың саны 5 мың адамға дейін қысқаруы оң өзгерістерге әкеледі. Әсіресе, жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырады.
Жыл басынан бері AMANAT партиясының бірнеше съезі өтіп, онда мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту жолында маңызды шешімдер қабылданды. Партияға ребрендинг жасау қолға алынып, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Ел Президенті бастаған саяси реформаларға партия жан-жақты қолдау көрсетуде. Партия тарапынан республикалық және аймақтық штабтар құрылып, алдағы референдумның маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары ел аралап, Конституцияға енетін өзгерістер мен толықтырулар төңірегінде кездесулер өткізуде. Себебі Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз.
Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біз Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосатын боламыз.
Ендігі кезде ел болып бірігіп, Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы өзгерістердің жаңа деңгейіне қадам басуға әрқашанда дайынбыз.

Бекайдар Тулегенов,
AMANAT партиясы Шымкент қалалық
филиалы атқарушы хатшысының
орынбасары, қалалық мәслихаттағы
фракциясы жетекшісі.

Тапсырыс беруші: қаржы өз есебінен төленді.