ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ЖӨНІ БӨЛЕК, ЖОСЫҒЫ ЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтерген болатын. Осыған орай президент халықтың әл-ауқатын көтеріп, ел әлеуетін ілгері бастыратын іргелі міндеттерді алға тартқан еді.

Президенттің айтқан батыл қадамдары мен тың бастамаларын қолға алу үшін қолданыстағы бірқатар заңдарды қайта қарау қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп берді. Ал заңдар өктем сөйлеуі үшін мемлекеттің негізгі заңы – Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі қажет. Бұл өзгеріс бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылатындықтан, оған халықтың келісім беріп, қолдап, қуаттауы аса маңызды.
Осыған орай, жалпыхалықтық референдум өткізу қолға алынды. Үстіміздегі жылдың 6-мамырында тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен үшінші рет өткізілетін референдум 5-маусымға белгіленгені ресми түрде мәлімделді.
Елімізде дауыс беруге құқылы азаматтардың саны 12 миллионға жуық. Конституциялық реформа болу үшін аталған күнге белгіленген референдумда дауыс беруге құқылы қазақстандықтардың кемі 6 миллионы дауыс беру керек. Елімізде салмағы зор саяси өзгерістер орнауы үшін әрбір дауыс зор маңызға ие. Егер референдум өз деңгейінде өтіп, таразы басында елде Конституциялық реформаны қолдайтындардың қатары басым түссе, Ата заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Конституцияның жаңа нұсқаларының ерекшелегі қандай болады? Осы жөнінде түгесіп айтсақ.
Ең әуелі елімізде суперпрезиденттік жүйе кетеді. Оның орнына президенттік басқару үлгісіне көшеміз.
Бұл дегеніміз президент бірқатар өкілеттіктерін бас тартып, оны Парламентке тапсырады. Соған орай көптеген тағайындаулар мен жаңадан қабылданатын бастамалар Мәжіліс қолына өтеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, Конституциялық реформа болса, Ата заңымыз Қазақстан Республикасы президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде ешбір саяси партияда болмауы тиістігі туралы талаппен толығады. Саяси ұйым мүшесі болмау туралы талап сот төрағалары мен судьяларына да қойылады. Сарапшылар бұл өзгеріс қоғамдық саяси өмірде саяси бәсекені арттыратынын, дербес әрі әділ шешім қабылдауға бастайтынын баса айтады. Тиісінше, саяси партияларды дамытуға бірдей жағдай қалыптастырады деп сенеді.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген, бабалар сөзін бойтұмар еткен мемлекет басшысы осы ұстанымға терең мән беріп, ендігі жерде президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметте, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы қызметін атқаруға қақысы жоқ екенін заңмен бекіту қажеттігін шегеледі.
Халық алдағы референдумда Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдаса, Қазақстан Республикасы президенті лауазымына екі мерзімнен артық сайлануға рұқсат берілетін бап алынады. Одан өзге облыс, аудан, қалалардың жергілікті мәселелерді шешуге келгендегі өкілеттіктері кеңейеді. Мұнымен қоса, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құзыреті алынады. Мұның өзі жергілікті жердегі басшыларды жалқының емес, жалпының көңілінен шығуға талпындырады.
Президент дербес қалалар мен астана әкімдері лауазымына ұсынылған кандидаттарын (кемінде екі кандидат) мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайтын болады. Ал мәслихат рөлінің нығаюы олардың халық алдындағы жұмысын сапалы ете түспек.

Нұралы ДАВЛЕТЯРОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.

Тапсырыс беруші: қаржы өз есебінен төленді.