БЕЛСЕНДІЛЕР КЕНТАУҒА ҚОҚЫС КОНТЕЙНЕРІН ОРНАТТЫ

Қоршаған ортаны таза ұстау – әр тұрғынның міндеті. Ал көше мен ауланың тазалығын көздейтін бастамаларға қолдау көрсету – әлеуметтік жауапкершілік. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қоқыстарды сұрыптау мен кәдеге жарату ісінде ілгерілеушілік байқалады. Жер-жерде бірқатар жобалар қолға алынуда.

Сондай игі бастаманың бірі Кентауда қолға алынды. Атап айтқанда, аталған қалада пластикалық және шыны ыдыстардың қалдығын тастайтын қоқыс контейнері орнатылды. Идея авторы әрі ұйымдастырушы – «Көзқарас» белсенді жастар клубы. Өзгелерге үлгі ретінде адам көп жүретін қаланың орталығына бір данасын қойған. Қоқыс контейнері арнайы пластикалық ыдыстарды салуға ыңғайластырылып жасалынған. «Контейнер толған соң пластикалық ыдыстарды пайдаланатын мекемеге жинап өткізетін боламыз» дейді клуб мүшесі Гүлжан Серік.
Арнайы жасалған контейнерді қаланың басқа да жерлеріне қою жоспарланған. Мұны белсенділер эстафета ретінде 20-ға жуық мекемеге де жолдап үлгерген. Игі бастама қала тазалығын сақтау мен тұрғындардың мәдениетін дамытуға сеп болмақ. Бұдан бөлек, шара қалаға қарасты елдімекендерде де жалғаспақ.