ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 100 МЫҢНАН АСА АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛҒАН

Түркістан қаласының климаты құрғақ, жазы ұзақ. Талай туристің табаны тиетін өңірдегі аталған мәселе күн тәртібіне көтеріліп отырғаны да жасырын емес. Десе де қалалық әкімдік тарапынан бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келеді. Жасыратыны жоқ, облыс орталығындағы саябақтар мен жасыл алқаптар саны артқан. Толығырақ тоқталайық…

Бүгінде жасыл желек аумағын арттыру бағытын көздейтін бастамалар нәтижесін беріп жатыр. Егілген қарағаш, терек, туя, сирень, қарағай, акация, айлант, гужум және басқа да сәндік ағаштар мерзімінде суарылып, жапырақ жая бастаған. Қалада 225 гектарда 30 саябақ, 13,6 гектарда 15 гүлзар мен аллея орналасқан. Ағымдағы жылы 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егу жоспарының барын да айта кету керек. Жұмыс бүгінде қарқын алған.
15 сектор бойынша 135 көшеде 564 503 шаршы метр аумақта 228 448 дана көшет егіліп, 50 гектар көгал отырғызылады деп күтілуде. Атқарылған және болашақта қолға алынатын жұмыстар мен бастамалар жайы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің қадағалауында екенін де тілге тиек ете кету керек. Шаһар басшысы көгалдандыру жұмыстарының жоспарға сай жүзеге асуын ұдайы тексеріп келеді.