МЕКТЕПКЕ КҮННЕН ҚУАТ АЛАТЫН ҚОНДЫРҒЫ ОРНАТЫЛДЫ
Соңғы жылдары жаңартылған энергия көздерін дамытуға баса назар аударылып келеді. Түркістан облысы да аталған бағытта жемісті жұмыс жүргізуде. Мәселен, жуырда Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 IT лицейіне қуаттылығы 50 киловатқа тең күн электр станциясы орнатылды. Нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, «Eni» компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқарушы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато, мектеп ұжымы және оқушылар қатысты.
Салтанатты жиында облыс басшысы жаңартылған энергия көздерін дамытуға баса назар аударылып жатқанын айтып, күн көзінен қуат алатын білім ордасының өзге мектептерден ерекшелігіне тоқталып өтті. «Түркістанда тарихи оқиғаның куәсі болып тұрмыз десек болады. «Eni» компаниясы мен БҰҰ Даму бағдарламасы қаламыздағы мектепке күн қуатын пайдаланатын қондырғы орнатып, жұртшылыққа ұсынып отыр. Облыста демографиялық өсім жоғары. 900 мектеп бар. 2025 жылға дейін өңірде 200 білім ұясын салуды жоспарлап отырмыз. Мектеп салу басқа, оның заманауи оқу бөлмелерімен, технологиямен қамту керек. Бүгін жиналып отырған білім ұясында информатика пәні тереңдетіліп оқытылады. Бірінші рет осы мектепке күн электр қондырғысын орнатып отырмыз. Біріншіден, мектептің электр қуатына жұмсайтын шығыны едәуір азаяды, екіншіден, оқушылар жаңартылатын энергия қалай өндірілетінін өз көздерімен көріп өседі» деді Өмірзақ Шөкеев.
Аталған жоба аясында күн панелімен сыртқы жарықтандыру шамдары орнатылып, оқу сыныптарының жарықтандыру жүйесі жаңартылған. Арнайы жылу реттеу клапандары, энергия үнемдейтін құралдар, су құбырына есептегіштер, жарықдиодты шамдар, термореттегіштер орнатылған. Бастама көмегімен 1900 оқушы білім алатын мектеп күн электр станциясының игілігін көруде. Жоба шығындарды, энергия тұтынуды және көмірқышқыл газының ауаға тарайтын мөлшерін қысқартады. «Жасыл экономиканы» дамытуға, қоршаған ортаны күтіп-баптауға, ауаны тазартуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асырған компания мен БҰҰ Даму бағдарламасы осы жобаны үлгі етіп ала отырып, алдағы уақытта қуат үнемдеу бағдарламаларын жалғастыратынын айтып отыр. «2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына жету – Қазақстан үшін де, әлем елдері үшін де аса маңызды басымдық. БҰҰ Даму бағдарламасы энергетика секторындағы трансформация аясында ҚР Үкіметімен және барлық серіктестермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті» деп атап өтті БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.
Ал «Eni» компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Лучано Васкес «Осы бастаманың арқасында мектеп көміртегі шығарындыларын азайтып, қуат үнемдеу мақсатына қол жеткізді. Қондырғының көмегімен энергия тұтынуын азайта алады» деп сөзін түйіндеді. Бұдан бөлек, салтанатты шараның қонақтары мектеп оқушыларының қолынан шыққан жобалар көрмесін тамашалап, мектеп шәкірттері дайындаған концерттік бағдарламаға қатысты.