ЖАҢАРТЫЛҒАН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ДАМЫТУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Соңғы уақытта жаһан жұртшылығы жаңартылған қуат көздерін пайдалану мен энергия үнемдеу бағытында ауқымды бастамаларды қолға алып, жүзеге асырып келеді. Жапония мен Германия сынды алыптар бұл салада әлдеқашан жетістікке жетіп үлгерген. Десе де елімізде аталған сала кенже қалған деуге болмайды. Өңір-өңірде бірқатар маңызы зор жобалар қолға алынып, шетелмен әріптестік байланыстар орнатылуда.
Атап айтсақ, Түркістан облысында энергия үнемдеу мен жаңартылатын қуат көздерін қолдану бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірге әлемге әйгілі компания басшылары мен өкілдері келіп, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевпен осы саладағы әріптестікті талқылады. Атап айтар болсақ, жиынға БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, «Eni» компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқарушы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато және өзге де азаматтар қатысты.
Облыс басшысы Түркістан өңірінде күн, жел және су электр станцияларын көбейту маңызды екеніне тоқталып, жаңартылатын қуат көздері бойынша жобалар жүзеге асып жатқанын айтты. «Жасыл энергияны» енгізуге және Түркістан облысының әлеуметтік дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Өздеріңізге белгілі, жаңартылатын энергия көздері саласында Түркістан облысы айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие. Өңірде жалпы қуаты 220 МВт болатын 20-ға жуық жаңартылатын электр көздері нысаны жұмыс істейді. Облыс электр энергиясын импорттайтындықтан, бұл саладаға баса мән берудеміз. Аймақта қуаты 1000 МВт болатын электр станциясы салынып жатыр. Осы бағытта сіздермен әріптестікті нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз» деді Өмірзақ Шөкеев кездесу барысында.
Атқарылып жатқан жұмыстар жайын жиын қонақтары да жоғары бағалады. Нақтырағы, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш Түркістанның жан-жақты дамып келе жатқанын айтып, «Жасыл экономикаға» көшу, жаңартылатын энергия көздері технологиясын молынан енгізу маңызды екенін атап айтты. Алдағы уақытта облыстық әкімдікпен бірлесе отырып бірнеше жобаны қолға алатындарын да жеткізді. «Eni» компаниясы мен БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасы Түркістан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу жұмысын аяқтады. Бұл жоба – тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізетін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгісі. Енді Ж.Тәшенов атындағы мектеп күн энергиясын тиімді пайдаланып, «жасыл энергияға» көшті. Алдағы уақытта тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Ең бастысы – қоршаған ортаға зиянсыз энергия өндіру бағытына басымдық беріледі» деді жиын қонағы.
Кездесу барысында екі тарап әріптестікті нығайтып, қоршаған ортаға бөлінетін көмірқышқыл газын қысқартатын қуат көздерін кеңінен пайдалану технологиясын енгізу ісін жалғастыру бойынша уағдаласты. Айта кету керек, «Eni» компаниясы елімізде 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әсіресе, мұнай мен газ саласында ауқымды үлесі бар. Компания Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі алғашқы жобасын 2020 жылғы наурыз айында Ақтөбе облысында қуаты 48 МВт жел электр стансасын салу арқылы бастады. Ол жыл сайын шамамен 195 ГВт/сағ электр қуатын өндіріп жатыр. Нәтижесінде CO2 шығарындыларын жылына 172 мың тонна көлемінде қысқартуға қол жетіп отыр. Қазір «Eni» Түркістан облысы, Шәуілдір ауылының қасында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясының құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба аяқталса, облыстағы «жасыл энергияның» жалпы энергия ресурстарындағы үлесі арта түспек.