РЕФОРМА – ХАЛЫҚПЕН САНАСУДЫ КӨЗДЕЙДІ
Жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам талабына негізделетін саяси реформалар жасау үшін үлкен өзгерістердің болуы керек екенін басшылыққа алды. Наурыз айындағы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі трансформациялануы керек екенін нақтылап көрсетті.
Осы мақсатта барлық саяси шешімдер заң шығарушы орган Парламентте қабылданып отырғаны белгілі. Ендігі кезекте 27 жылдан кейінгі уақытта көпшіліктің пікіріне құлақ асатын кез келгенін атап өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында жауапты әрі елдің болашағы үшін төл құжатымыз – Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін халықтың пікіріне сүйеніп, демократиялық тұрғыда жалпыхалықтық референдум өткізу қажет деп есептеді. Мұндай жауапты сәтте елдің болашағы – елдің пікірімен үндесе келуі керек деп санаймын. Сондықтан Конституциямыздың 98 бабының 31 бабына түзетулер енгізіліп, 2 жаңа баппен толықтырылатыны белгілі болды. Сонда мемлекетіміздің басты құжатының үштен бірі өзгеріп, екінші републиканың негізі қаланады дегенге сеніммен қарауға болады. Өзгерістердің аса маңызды бағыты елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуге байланысты жасалынып жатқан тармақтар халқымыз үшін өте маңызды жағдай екені анық. Сондай-ақ Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады. Мұнда халықтың ұсыныстары мен талаптары ескеріліп отырғандығы нақтыланады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен, атап айтқанда, біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды жүйе бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау ұсынылады. Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады. Бұл өте құптарлық мәселе екенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, халық қалаулылары халық атынан сайланып отырғандықтан, олардың талап-тілектерін орындап отыруы тиіс. Мінберлерде халықтың мүддесін айтып, билікке жеткізіп, оң шешім табуына аянбай еңбек етуі керек. Сонда сайлаушылар алдындағы парызын орындап, ел игілігі жолындағы жасаған жұмыстары еленеді.
Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін Президент өңірдің мәслихаттарының барлық депутаттың келісімімен және баламалы негізде, яғни кемінде екі кандидатура ұсынылып, тағайындайтын болады. Осылайша белгілі бір өңірдің дамуына жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару ісіне берілетін кепілдік нығая түседі. Халықтың сайлаған депутаттары әкімнің тағайындалуында өзіндік орны мен рөлі жоғары дәрежеде қалыптасады. Халық қалаулыларының жергілікті атқарушы органдарға деген ықпалы күшейе түседі. Соның нәтижесінде жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуі оңтайланады.
Бұл — реформаның халық үшін жасаланып жатқанының дәлелі. Жаңа Қазақстанды құру дегеніміз – халықпен бірге екінші республиканың қалыптасуына атсалысу деген сөз. Реформалардың сәтті іске асуы еліміздің өркендеуіне негіз болады. Сондықтан Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін Конституциямызға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға аса жауапкершілікпен қарауымыз тиіс. Ол үшін әр азамат өзгеріс жасауда референдумға белсене қатысуы керек. Ел мүддесі жолындағы реформаларға бей-жай қарамай, 5-маусымда өтетін референдумға қатысуға шақырамын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге құрайық!
Имашев Қайрат Есенбекұлы,
Шымкент қаласының мәслихат депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі,
қоғамдық штабтың мүшесі.
Тапсырыс беруші: қаржы өз есебінен төленді.