ЖАҢА РЕКОРД. САЛАДАҒЫ МӘСЕЛЕНІ САН ЕМЕС САПА ШЕШЕДІ
Осы аптада еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтті. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылы 170 мыңнан астам оқушы мектепті тәмамдаған. Оның ішінде 8139 түлек «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр.
Бітіруші сыныптарға арналған емтихан 27 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Олар Қазақстан тарихы пәні бойынша ауызша түрде емтихан тапсырады. Сонымен қатар биыл түлектерге алғаш рет ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Болашақ студенттер аталған мүмкіндіктің көмегімен мамандандырылған пәндердің тек бір комбинациясын таңдай алады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады.
Тағы бір қызық дерек, биылғы оқу жылы мектеп оқушыларының рекорд санымен аяқталды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы қоңырау 3 597 159 оқушыға арналған.
Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ педагогтар саны да артқан. 2021-2022 оқу жылында елімізде 369 мыңнан аса мұғалім болса, 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 306 мыңнан сәл ғана асатын еді.
Қош делік, оқушы санының өсуі – қуантарлық жайт. Десе де саладағы түйткілдер санның өсуімен шешілмесі анық. Жасыратыны жоқ, бүгінде бірнеше ауысымда оқып жатқан білім ордалары бар. Бұдан бөлек, мектеп қабырғасындағы балалардың көз көріп, құлақ естімеген қылмысқа қатысы бары анықталып жатыр. Техникалық мамандықтарға қаншалықты көңіл бөлсек те, меңгеріп, мықты кадр ретінде істі алып кететіндердің де қарасы көбеймей жатқаны жасырын емес.
Мұның өзі саладағы қалыптасып қалған жүйемен кешенді түрде күресу керегін айқындаса керек. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік жылдарында салаға басшы болып келген әр министр өз реформасын енгізуге тырысты. Әркім көкпарша тартқан «Әліппе» оқушылармен қоштасып барып, қайта қауышты. Қазіргі министрдің бастамалары ұстаздар қауымының көңілінен шығып жатқандай сезіледі. Әйтсе де оның қызметіне де қолбайлау болып отырғандар бар сыңайлы. Білім саласындағы мәселені сан емес сапа шешеді. Нақты іс күтуден басқа амал әзірге болмай тұр…
А.МАХАНОВ.