ҰН БІР АЙДА 8 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН

Қазақстанның тауарына тәуелді Өзбекстандағы баға бізден арзан

 

Қазақстанда ұн бағасы бір айда 8 пайызға қымбаттаған. Ал өндірістің керісінше, артқанын аңғаруға болады. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында елімізде дәнді дақылдардан 1,2 миллион тонна ұн өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артық. Бұл туралы energyprom.kz сайты жазды. 

 

Өңірлерге келсек, ең көп ұн өндіретін облыстардың көшін Қостанай бастап тұр. Онда 400 мың тоннаға жуық ұн өндірілген. Одан кейін Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстары тұр. Жалпы еліміз ішкі сұранысты 99,5 пайызға өтейді. Ұн экспортында да өсім бар. 2022 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында экспорт көлемі бірден 78,2 пайызға артып, 172,8 миллион АҚШ долларын құраған. Біздің өнімді импорттаушы елдердің негізгі үштігіне Өзбекстан, Түрікменстан және Ресей кіреді. Ауғанстан да қазақ ұнына тәуелді. Десе де…
Ағымдағы жылдың мамырында GlobalProductPrices.com сайты ұн бағасы бойынша 91 елдің рейтингін жасады. Басылым мәліметінше, ең арзан ұнды Беларусьтан табуға болады. Ондағы орташа баға келісіне 0,39 АҚШ долларын құрайды. Үздік үштікке Шри-Ланка мен Бельгия кіреді. Ал ең қымбат ұн Макаода тіркелген. Аталған елде ұнның келісін орташа есеппен 3,2 АҚШ долларынан саудалайды. Қазақстан бұл рейтингте 33-орыннан көрінді. Еліміздегі ұнның әр келісі шамамен 0,95 АҚШ долларынан сатылады. Бір қызығы, біздің экспорттың негізгі бөлігін сатып алатын Өзбекстандағы баға әлдеқайда төмен. Ала шапанды ағайындарымыз ұнның келісін орташа есеппен 0,6 АҚШ долларынан алады.
Ал еліміздегі ұн бағасының өсімі Жамбыл облысында бір айда 22,6 пайызды құрады. Батыс Қазақстан облысында 15 пайызға қымбаттаса, Түркістанда 14,1 пайыз шамасында болып отыр. Жасыратыны жоқ, аталған өңірлердегі айлық жалақы мөлшері көңіл көншітпейді. Онсыз да ас-ауқатқа ақша таппай, пәтерақыны дер кезінде бере алмай отырған ағайынға ұнның күрт қымбаттауы ауыр соққы болғаны да жасырын емес. Заңды сұрақ туады, өзімізді қарық қылмай жатып, кімді жарылқап жатырмыз? Ішкі өнімді толық қамтысақ та, шетке тәуелді болып отырған елден қай жеріміз кем? Әншейінде импорттық тауарлар бағасы күрт өскенде доллар бағамын сылтау ететін шенділер мұны немен түсіндірмек?
Жауапты министрлік мәселені делдалдық я монополиямен байланыстыруы бек мүмкін. Десе де қара халықты аз ғана топтың азуына салып беруге мүмкіндік беріп қойған жауапты мекемелердің айыбын жоққа шығара алмаса керек. «Бақыланады», «назарға алынады» сынды жаттанды жауаптан арылып, мәселеге майшаммен қарайтын мезгіл жеткен сияқты. Баға бұғаусыз кетті. Халық қалт-құлт етіп отыр. Бұдан артық қандай мәселе болуы мүмкін?!.