ЖАСТАРДЫҢ 40 ПАЙЫЗЫ МАМАНДЫҒЫНА САЙ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ
бюджеттен миллиардтар бөлу мәселені шеше ме?
Оқу жылы аяқталып, түлектер үлкен өмір табалдырығынан аттағалы тұр. Жуырда олардың алдағы өміріне әсер ететін үлкен сынақ Ұлттық біріңғай тестілеу келе жатыр. Бұл – жауапты кезең. Дәл осы сынақтың нәтижесіне қарай мыңдаған оқушы болашағын бағдарлайтын мамандығын таңдайды. Десе де қазақ қоғамына тән мәселелер де жоқ емес. Жасыратыны жоқ, жыл сайын бітірушілердің алдында екі таңдау тұрады. Бірі – мемлекеттік грант. Екіншісі – жүрек қалауындағы мамандық. Осы тұста әлеуметтік ахуалы ортадан төмен отбасынан шыққан жастардың дені алғашқысына аса мән беретіні белгілі. Себебі ақылы негізде оқуды қалтасы көтере бермейтін отбасылар көп. Ал білім ше? Салада қандай өзекті мәселелер бар? Саралайық…
Жыл басындағы «қасіретті қаңтар» оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Бірнеше күннің ішінде қоғамның үрейін тудырған оқиғалар легі орын алды. Ірі қалаларда өткен митинг соңы бұзақылықпен жалғасты. Кәсіпкерлер шаш-етектен шығынға батты. Осының өзі еліміздегі жастардың мәселесі қаншалықты терең, қаншалықты өзекті екенін аңғартқандай. Сол уақытта көшеге шыққандардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы мен табысы болмағанын зерттеулер көрсетіп отыр. Осының нәтижесінде деструктивті күштердің өскелең ұрпақты өз мүддесіне оп-оңай пайдаланып кете алатынына көз жеткіздік. Мұны Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та айтты. Мұның бірнеше себебін айқын көруге болады.
Біріншісі – әлеуметтік теңсіздік. Мұны пандемия кезінде айқын түсіндік. Бұрындары министрлік есептерінде мінсіз көрсетілген мәліметтер шынайы өмірмен қабыспай жатты. Сөйтіп интернет мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Өз кезегінде, білімді онлайн түрде алып отырған оқушылардың арасындағы жаңа тақырыптарды меңгерудегі алшақтық арасы ұзай түсті. Енді аталған мәселе қайтадан Мәжіліс мінберінен көтеріліп жатыр. Сөз жоқ, байланыс болмай, төбе жағалап жүрген оқушылардың бейнежазбасын пандемия кезінде жиі көрдік. Байланыс саласы бәсекеге қабілетті емесін тағы бір дәлелдеді. Осының салдарынан шалғай ауылдардағы білім деңгейі жоғары болмай жатты. Түлектердің тестілеуден жоғары балл жинай алмауының бір себебі осы жайтпен байланысты. Сәйкесінше, мемлекеттік грантқа қолы жетпеген жастар жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігінен айырылды. Ақылы негізде оқуға қалтасы көтермегендіктен, жұмыссыздардың санын толықтырды. Нақты меңгерген мамандық болмағандықтан, жақсы жұмысқа орналасып, жоғары жалақы алу да мүмкін емес. Сондықтан біразы құрылыс жағалап, кафе мен дәмхана маңынан нәпақасын тауып жүр. Себебі колледждерде техникалық және кәсіптік білім алуға қызығушылығы да, құлшынысы да жоқ…
Жастар арасындағы тағы бір түйткілді түйін – жұмыссыздық. Бұл туралы Сенат төрағасы былай деген еді «Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12 пайызы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды». Осы тұста сандарды сөйлетейік, 2021 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 мың адамның 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Бұл дегеніңіз – жоғары оқу орнын бітіргендердің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай, табаннан тозып жүр деген сөз. Сенатор Нұртөре Жүсіп аталған мәселені көтере келе «Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарасақ, 2021 жылдың үшінші тоқсаны бойынша, елімізде жұмыспен қамтылғандар 8 миллион 813 мың адам болса, бұл 2020 жылмен салыстырғанда небәрі 81 адамға өскен. Сондай-ақ NEEТ жастар санатындағылар туралы да айта кету керек. Жеке тұлғалар мемлекеттік базасында еліміз бойынша 2,2 миллион адамның статусы анықталмаған. Бізде «Еңбек», «Бизнес бастау», «Жас маман», «Дипломмен ауылға» деген бағдарламалар бар. Олардың цифрлары керемет, көз сүрінеді. Бірақ нәтиже, тиімділік жағына келгенде олқа түседі. Сонда қағазда тастай болып тұрады, өмірде басқа болып шығады. Кім кімді алдайды? Өзімізді өзіміз неге алдаймыз деген сұрақтар туындайды» деген еді. Шынымен де, практикадан өтіп, жұмысқа орналасып жатқан жастар турасында жиі материал оқимыз. Әйтсе де айналамызда жұмыс іздеп жүргендерден көз сүрінеді. Жастар Қазақстан халқының 20 пайызын құрайды. Сондықтан олардың мәселесі жалпы елдің дамуына тікелей әсер ететін ұмытпаған абзал.
Осы тұста соңғы жылдары кәсіптік және техникалық мамандықтарға деген сұраныстың өсіп келе жатқанына тоқталып өтейік. Десе де аталған кәсіп түрін меңгеруге құлықты жастардың қарасы қалың емес. Ал вице-премьер Ералы Тоғжанов аталған мамандықтарға алдағы уақытта да көңіл бөлінетінін айтады. «Елімізде 490 мыңға жуық жас колледждерде білім алады. Бүгінде олардың 40 пайыздан астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінді. Колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілді. Оқу бағдарламалары толығымен жаңартылды» деді ол Сенатта өткен «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда. Бұдан бөлек, жастардың жоғары білімді тегін алуына мүмкіндік жасау үшін 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 пайызға ұлғайту жоспарланған. Стипендия жыл сайын 20 пайызға, ал магистранттар мен докторанттар үшін 15 пайызға артады. Жылда қыркүйек айында студенттерді сенделтетін жатақхана мәселесіне келсек, биыл 10 мың студентке арналған 31 жатақхананың құрылысы аяқталмақ. Десе де мұның игілігін мемлекеттік грантты еншілеген жастардың көретінін ұмытпаған абзал. Ал оқуға түсе алмай, жігері құм болған жастарға мұның бір де бірі қызық емесі баршаға аян.
Бұдан бөлек, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде 160 мыңнан аса жас азамат «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантпен қамтылады. Жастар практикасына қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 2 миллион жаңа жұмыс орны ашылмақ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың дерегі осылай дейді. Қош делік, қағаз бетіндегі жағдайдың мінсіз екені белгілі. Ал шынайы өмірдегі ахуал қандай? Сенатор Нұртөре Жүсіп сөз еткен жағдайдан әріге аса алмай отырған жоқ па? Сауал тағы да басы ашық күйінде қалып отыр…
Сөз жоқ, мәселе көп. Жастардың арасындағы қордаланған түйткілдерді шешетін бағдарламаларды да жоқ деп айта алмаймыз. Десе де кейбір билік тармақтарының сүйегіне сіңіп кеткен сыбайластық сыңды заңсыздық салдарынан шынайы өмірдегі ахуалдың оңалмай келе жатқаны жасырын емес. Басында білімі, қолында тәжірибесі жоқ талай жас жауапкершілігі жоғары құрылыс саласында сандалып жүр. Оқу орнын тәмамдап, дипломын сандықтың түбіне тастайтын түлектер де көп. Нарықтың сұранысын мінберден мың рет айқанмен, ата-аналардың шынайы жағдайды анық ұға бермесі анық. Техникалық мамандықтарға мыңдап грант бөлу сапалы кадрлардың шығатынына дәлел бола алмасы тағы белгілі. Себебі мектеп бітірушілердің мамандық емес мемлекеттік грант үшін ғана инженер мен құрылысшы болуға келісуі әбден мүмкін. Осы орайда, түсіндірудің терең жүргізілмей жатқанына көз жеткізуге болады. Қазіргі уақытта ауқымды екі мәселе тұр. Бірі – ауылдардағы білім деңгейін қаламен теңестіру. Екіншісі – баланың сұранысқа ие мамандық таңдауына түрткі болатындай насихат жұмысын жүргізу. Осы мәселелер шешілмесе, бюджеттен бөлінетін миллиардтаған шығын көбеймесе, азайтайтын сияқты…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.