САПАЛЫ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Инженерлік инфрақұрылымның ішіндегі ең маңыздысының бірі – ауыз су. Қалаға жақында қосылған ықшамаудандардағы негізгі мәселенің біріне айналып отырғаны да – осы. Жасыратыны жоқ, кейде тұрғындар суды тасып ішіп отырғанын айтып, арызданып жатады. Ал Шымкент қаласында аталған түйткілді шешу мақсатында қыруар қаржы бөлініп, тиісті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. 2023 жылы үшінші мегаполис тұрғындарын толықтай ауыз сумен қамту көзделіп отыр.

Бүгінгі ахуалға келсек, қаладағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Ал Құрсай, Сайрам және Қайнарбұлақ тұрғын алабтары ауыз суды кестемен тұтынып отыр. Аты аталған инженерлік инфрақұрылымды шешу үшін бүгінгі таңда 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүруде. 2022 жылдың соңына қарай Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елдімекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайыздан 99 пайызға өседі.
Бұдан бөлек, ауыз суды кестемен тұтынатын Сайрам және Қайнарбұлақ елді мекендерінде ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары мен ағымдағы жөндеу жұмыстарының биыл басталып, 2023 жылы аяқталатынын да айта кету керек. Міне, сонда мегаполис тұрғындарының тағы бір түйткілді мәселесі толықтай шешімін таппақ.