ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗАЛАЛ КЕЛТІРГЕНДЕРМЕН КҮРЕС КҮШЕЙГЕН

Табиғатқа қасақана залал келтіргендер енді жазадан сытылып кете алмайды. Тиісті органдар тарапынан бақылау күшеюде. Мәселен, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ағымдағы жылдың 3 айында 24 заң бұзушылықты анықтаған.

Соның негізінде 35 тұлға тәртіптік, 51 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, қоршаған ортаға келтірілген зала бойынша 109,6 миллион теңге көлеміндегі қаржы бюждет есебіне өндірілген. Заңнан аттаған 51 тұлға 4,4 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Бұл туралы мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз брифингінде хабарлады.
«Өңір тұрғындарын табиғатты аялап сақтауға шақырамыз. Әсіресе кәсіпкерлерге Экологиялық кодексте талап етілгендей рұқсат қағаздарын, экологиялық сақтандыру шарттарын алуды еске саламын. Себебі рұқсатсыз қызмет жасаған 100-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі 13 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олар қоршаған ортаға 500 миллион теңгеден астам залал келтірген. Оның 100 миллион теңгеден астамы өндірілді. Табиғатты аяламасақ, оның зардабы болашағымыз үшін ауыр, ал материалдық және моральдық жауапкершілігі өте жоғары» деді Серік Үмбетұлы.
Баспасөз жиынында Сарыағаш және Арыс ауданы аумағында орналасқан қоқыс полигондарының санитарлық-қорғаныш аймағы сақталмай, тұрғын үйлер салынғаны турасындағы мәселе сөз болды. Айта кету керек, облыс аумағындағы 158 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының ішінде тек біреуіне ғана автоматтандырылған сұрыптау желісі орнатылған. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органмен бюджеттен қаржы бөлініп, қоқыс полигондарын заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.
Қорыта келсек, табиғатты қорғау мен сақтау ісі қашан да қоғамның назарында болуы тиіс. Заң талаптарын ескермей, шалыс басқан жеке және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Табиғатты қорғаудың ең бастапқы алғышарты – қоршаған ортаға зиян келтірмеу. Осыны ұмытпасақ екен…