ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 99 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ
Шымкентте соңғы жылдары инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 9 елдімекеннің ішкі жүйелері мен «Ақжар» және «Ынтымақ» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың аяғына дейін «Ақжар» қосалқы станциясы мен 8 елдімекенде ішкі жүйелердің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылмақ. Олар — Достық, Батыс, Нұртас, Сәуле-276 орам, Тұран, Солтүстік саяжай, Жаңаталап, Нұртас шағынаудандары. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаладағы электр қуатымен қамту көрсеткіші 97 пайыздан 99 пайызға өседі.
Естеріңізде болса, қала әкімі Мұрат Әйтенов бұған дейін шағынаудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, мәселелерін тыңдаған еді. Сонда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі де дәл осы сапалы электр жарығымен қамту болатын. Бүгінде құрылыс сапасы бақылауда екенін бас айтқымыз келеді.