ЕНДІ ЖАУАПСЫЗ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР 7 ЖЫЛҒА ДЕЙІН СОТТАЛУЫ МҮМКІН
Соңғы уақытта өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың саны артып келеді. Жұмыс іздеп туған жерден жырақта жүрген азаматтар қаза тауып, отбасы қара жамылып жатады. Оқыс оқиға орын алса, жұмыс берушілердің марқұмның өзін кіналай кететін жағдайлар да бар. Сондықтан өндіріс орындарындағы қауіпсіздік мәселесі ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Ал енді жұмысшылардың қауіпсіздігіне бей-жай қарайтын жұмыс берушілер жазаланады. ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте адам өліміне себепкер болған жауапсыз жұмыс берушілер қандай жаза арқалайтынын айтты.
«Бүгінгі таңда еңбек инспекциясының жергілікті органдары шетелден 30-дан астам адамнан тұратын жұмыс күшін тартқан 64 кәсіпорында тексеру жүргізіп жатыр. Тексеруде өткен жылдың нәтижесі сарапталады. 9 айдың қорытындысы бойынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны жоғары болғанын ескере отырып, біз прокуратура органдарымен бірге осы органдарды тексеруге бастамашы болдық. Бас прокуратура бүгін бізге өз мәліметтерін беріп отыр. Иә, өкінішке қарай, құқық бұзу фактілері, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері бар. Еңбек кодексіне арнайы норма енгіздік. Егер кез келген азамат травматология бөліміне немесе басқа медициналық бөлімге түскен кезде, қандай да бір ұйыммен еңбек қатынасында екенін айтса, медицина мекемесі үш күннің ішінде ол жұмыс істейтін ұйымға, мемлекеттік органдарға, мемлекеттік еңбек инспекциясына және туыстарына бұл жайында міндетті түрде хабарлауға тиіс. Яғни, бүгінгі күні жазатайым оқиғаларды жасыру өте қиын» деді Төлеген Қабақұлы.
Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген жұмыс берушілердің жаза арқалайтынын айта кеткен жөн. Нақтырағы, адам өміріне жауапкершілікпен қарамайтын басшылар бас бостандығынан айырылады. Мәселен, кәсіпорында жазатайым оқиға болып, кісі өлімімен аяқталған жағдайда жұмыс беруші тарапы кінәлі деп танылса, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуге дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал 2 немесе одан да көп адам қаза болса, онда 7 жылға дейін сотталады. Қош делік, заңмен шегелеп, жазаны қатаңдатқаннан бірлі-жарым жұмыс беруші аяқ тартып, қауіпсіздік мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарар. Ал өзінің құқығын білмейтін қарапайым жұмысшыға оны қалай түсіндірмекпіз? Кінәлінің жазадан сытылу үшін сан түрлі сылтау тауып, құйтырқылыққа баратыны тағы белгілі. Бастама біраз мәселеге тоқтау болғанымен, түпкілікті шеше алмай ма деген күдіктің барын жасыра алмасымыз анық…