УАҚЫТ ТАЛАБЫНАН ТУҒАН ШЕШІМ

Ағымдағы жылдың наурыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында билік институттарын қайта құрылымдауды шегелеген болатын. Осы бағытта партиялық заңнаманы өзгерту бойынша түрлі бастамалар көтеріліп келеді. Бұл өз жұмысын жүргізуде заман ағымына сай ілесіп отыруды көздеген AMANAT партиясының құрылымына оң өзгерістердің орын алуына ықпал етуде. Осы аптада өткен партия құрылтайында айтылған мәселелер соның жарқын мысалы.

 

Жыл басынан бері үшінші рет өткізілген AMANAT партиясының кезекті ХХІІI съезіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Онлайн режимде өткен жиын барысында Ақорда төрінен сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын, бұл жүйелі өзгерістерге AMANAT партиясы белсенді араласып келе жатқанын айтты. Дегенмен де арқаны кеңге салуға болмайтынын, әлі де толғақты мәселелердің түйінін тарқатуда партияға артылған міндет пен сенім зор екенін атап өтті. Бұл туралы ойын мемлекет басшысы «Азаматтарға əлеуметтік əділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті əділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан AMANAT партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасында дəнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек»,-деп жеткізді.
Сонымен қатар алқалы жиында партия тарихында елеулі оқиғалардың бірі ретінде жазылып қалатын үш мәселе айтылды. Оның ең алғашқысы ADAL партиясының AMANAT партиясына қосылуы болды. Өткен жылдың басында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны кезінде ADAL партиясы белсенділігімен әрі түрлі тың бастамаларды көтеруімен ерекшеленгені жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Сол үшін де біраз жұрттың сенімі мен ыстық ықыласына кенелген партия өкілдерінің ендігі кезекте AMANAT партиясының мүшесі болып атануы бірлігімізді күшейтіп, ұйымның саяси салмағын нығайта түседі деп сенемін. Жалпы жетекші партияға саяси ұйымның зор сенім артып, бірігу бойынша осылай риясыз қадам жасауы бүгін ғана жүзеге асып отырған жоқ. Мұндай оқиғалар партия тарихында бірнеше рет орын алған. Партия құрылған жылдан бастап осы күнге дейін оның құрамына Қазақстан халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» қозғалысы кірген. Сонымен қатар 2006 жылы «Асар», Қазақстанның Азаматтық партиясы жəне Қазақстанның аграрлық партиясы қосылған. Мұндай саяси қадамдар партия жоспарын жүйелендіріп, жұмысын сапалы ете түсетіні анық.
Партияның кезекті ХХІІI съезінде атап өтетін тағы бір елеулі жаңалық – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың AMANAT партиясынан шығатынын ресми түрде мəлімдеуі болды. Президент бұл тұрғыдағы жоспарын осыдан біраз бұрын айтқан болатын. Кешегі өткен құрылтайда сол бастамасын іске асыратын уақыт келіп жеткенін айтты. Және мұндай шешімін «Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым», -деп түсіндірді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі билеуші партия құрамынан шығып, төрағалықтан бас тарту туралы қадамын сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік туғызып, саяси жүйеде əділдіктің орнауына жол ашатынын, партия атқарушы билікке тəуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі биіктей түседі деп есептейтінін жеткізді.
Кезекті құрылтайдағы тағы бір маңызды жаңалық – партияға жаңа төраға болып Мəжіліс Спикері Ерлан Қошановтың сайлануы болды.
AMANAT партиясының 26-сәуірде өткен кезектен тыс ХХІІI съезі әділетті қоғам орнатудың бір көрінісі болды.
Партия тарихындағы бұл түбегейлі өзгерістер уақыт талабы деп білеміз. Уақытқа ілесу үшін соған лайықты қадамдар жасалуы керек. Соның ішінде саяси өзгерістердің болуы да заңды нәрсе.
Елімізде жаңа өзгерістер болып жатыр. Заман да, адам да өзгереді. Уақыт өте келе тарихи шындыққа негізделмеген, үстіртін ой пікірлер ығысып, дәйекті жаңа тұжырымдарға орын беріліп жатады. Себебі бұл – өмір заңы, онсыз қоғам дамуы жөнінде сөз болуы да мүмкін емес.
Ендеше съезде қабылдаған шешімдермен бастамалар халықтың қызу қолдауына ие болатындығына кәміл сенеміз.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор.