ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Бәйдібек ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында аймақ басшысы шағын бизнесті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды күшейту керегін тілге тиек етті. Облыс әкімі әуелі кәсіпкерлердің өз өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникалары қойылған көрмені тамашалап, аудан кәсіпкерлерінің қадамын оң бағалады. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алған іскер тұрғындардың жұмысын аудан көлемінде жан-жақты насихаттаудың маңызды екеніне тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде дағдарысқа қарсы шешімдер қабылданып жатыр. Басты мақсат – азаматтардың табысын төмендетіп алмау, жұмыс орындарын қысқартпау. Бұл ретте Түркістан облысында да «Еңбек» бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге гранттар, көмектер берілуде. Әрине облыста мұнай өңдеу зауыты, цемент зауыты секілді ірі жобалар да атқарылуда. Бірақ қазіргі таңда ірі өндіріс орындарын автоматтандырылғандықтан көп жұмыс күшін қажет етпейді. Сондықтан менің басты үмітім – шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында. Бір адам кәсіпкерлікті меңгеріп, үш тұрғынды жұмыспен қамтыса, бұл мәселе де шешімін табады. Біз осы салаға басымдық беруіміз керек» деді Өмірзақ Шөкеев. Жиын барысында аудан тұрғындары көкейін тескен сауалдарға жауап алды. Жүздесуде мектеп салу, газбен қамту, ауыз су, индустриалды аймақтың әлеуетін пайдалану және өзге де мәселелер қозғалды. Облыс әкімі әр ұсыныстың назарға алынып, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Сонымен қатар Өмірзақ Шөкеев ауданның даму әлеуетін жоғары бағалап, оң өзгерістердің барын айтты. Өз сөзінде «Бәйдібек ауданында оң өзгерістер бар. Түрлі нысандар салынып, жобалар жүзеге асып жатыр. Өзім осында туып-өскендіктен бұл жердің проблемаларын да жақсы білемін. Ең үлкен мәселе су еді, қазір скважиналар қазылуда. Су қоры анықталды. Бұл істі соңына дейін жеткіземіз. Бұрын Бәйдібекте газ жоқ еді, қазір қамту көрсеткіші еселеп артып жатыр. Кейбір ауылдарға жетпей жатыр, әрине. Оны аяқтаймыз, елді мекендерге газ жеткізіледі» деді. Аталған жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындарды өтініші бойынша жеке қабылдады. Ол бойынша да тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Сапар барысында Өмірзақ Шөкеев Ынтымақ елді мекенін газға қосу шарасына қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Жалпы аудандағы газбен қамту жұмыстары қарқын алған. 2022 жылдың сәуір айында 1 аптаның ішіне 8 ауылға газ берілді. Мыңбұлақ ауылдық округі «көгілдір отынмен» 100 пайыз қамтылды.
Жалпы Бәйдібек ауданы оң көрсеткішке ие. 2021 жылы ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 47,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 млрд теңгеге артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 млрд теңгеге жуықтады. Инвестиция 14,5 млрд теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 28 млрд теңгеден асып отыр.