50 ГЕКТАР АУМАҚҚА ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ЖЫЛЫЖАЙ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында барлығы 3366 жылыжай бар. Жалпы аумағы 1467,4 гектарды құрайды. Бұдан бөлек, биыл өңірде аумағы 50 гектарды құрайтын заманауи үлгідегі жылыжай кешенін салу жоспары бар. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Әлібек Піләлов мәлімдеді.

 

«Жуырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Ол жылыжаймен айналысатын шаруалармен кездесіп, өзекті мәселелер талқыланды. Мәселен, жылыжай шаруашылықтары пайдаланатын қуат көздерінің 50%-на дейін субсидиялау, жылыжай шаруашылықтарының несиелерін төлеу мерзімін ұзарту, коммуналдық төлемдерге төленетін тариф көлемін күндізгі және түнгі кезеңге бөліп төлеу тетіктерін қарастыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді», — деді Әлібек Әбдіхалықұлы.
Айта кету керек, Түркістан қаласы маңында 11 мың гектар азық-түлік белдеуін құру жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 2,2 мың га алқапқа 65 жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған. Ағын суды 2 есе үнемдеуге бағытталған технологияның тиімділігі өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Жалпы азық-түлік белдеуі аясында құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 5 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.