КЕЛЕСТІК ДИҚАНДАР ҚЫРЫҚҚАБАТТЫ САТУ БОЙЫНША КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАСТЫ

Бірнеше жыл бұрын қырыққабаттың сауда сөрелеріне дер кезінде жете алмауынан шаруалар шаш-етектен шығынға батқан болатын. Пайдаға кенелуді көздеп, қарыз болып қалған көп аталған көкөніс түрін өсіруге жүрексініп қалғаны да жасырын емес. Десе де бұл өткен күннің еншісінде қалды. Енді шаруалар уайымдамаса да болады. Толығырақ жазайық…

 

Түркістан облысы, Келес ауданына Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарынан өкілдер келді. Олар Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округінің диқандарымен кездесіп, ерте пісетін қырыққабат өнімін тиімді бағада өткізу нарықтарын айқындау және ортақ келісім жасау бойынша кездесу өткізді. Нәтижесінде шығыстық «Ертіс» ӘКК АҚ-ның бас менеджері Асқар Сыздықов пен жеке кәсіпкер Нұрлан Сақпанов Алпамыс батыр ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Азамат Сәрсенбаевпен келіссөз жүргізіп, ерте пісетін қырыққабаттың 100 тонна өніміне, ал ашық алқапта егілген қырыққабаттың 100 тонна өнімін сату және сатып алуға келісімшарт жасап, қол қойды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкілдер Алпамыс батыр ауыл округіндегі «Алғабас-Дос» ЖШС-мен келіссөз жүргізіп, қырыққабат өнімінің 150 тоннасын сатып алу жөнінде келісім жасады.
Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы саласында 906,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 845 мың гектар жерге егіс егіліп, жоспар артығымен орындалған. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа есеппен 50 центнерге көбейіп, 3,3 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілгенін де айта кету керек.