ШӨКЕЕВ ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

Егістік алқаптарға ауқымды зиян келтіретін жәндіктің бірі – шегіртке. Түркістан облысындағы егістің мол болуына биыл Марокко шегірткесі қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шегірткемен күресті күшейтуді тапсырды. Бүгінде 30 мың гектардан астам аумаққа жәндікке қарсы тиімділігі жоғары дәрі себілген. Ал Түркістан облысының жалпы жер қоры 11,6 млн гектарды құрайды. Оның 4,2 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер.

 

Қазірде өңір бойынша 1 млн гектардан астам алқапқа мониторинг жүргізілген. Жыл сайын қолданылатын химикаттарға зиянкестердің иммундық жүйесі пайда болуына байланысты, өткен жылдан бастап Түркістан облысында швейцариялық «Энжио» және даниялық «Вантекс» препараттары қолданылып келеді. Олардың биологиялық тиімділігі 94% -ды құрады. Биыл бұл жұмыстарға 200-ден астам адам жұмылдырылған. Басым бөлігі жұмыспен қамту орталығы арқылы бағытталмақ.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндалды. Қайта құрылған ветеринариялық қызметте 2 мыңдай маман жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге үлкен мән беріп, оның ішінде ветеринариялық мамандардың жалақысын ұлғайтуды тапсырды. Осыған байланысты ветеринариялық дәрігерлердің жалақысы – ауылдық деңгейде 25%-ға, аудандық деңгейде 10%-ға, облыстық деңгей 5%-ға өсті.
Ветеринариялық іс-шаралардың сапасын арттыру үшін, былтыр жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 16 бірлік арнайы жабдықталған УАЗ фермер автокөліктері, 16 бірлік биопрепараттарды сақтауға арналған камералық тоңазытқыштар, 200-ге жуық витриналық тоңазытқыштар, 800-ден астам термочемодан, ит ұстауға арналған құралдар мен 390 бірлік компьютер жиынтығы алынған. Бұдан бөлек, аудан, қаладағы 16 ветеринариялық ұйымдар біріктіріліп, облыстық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны құрылды. Бұл тәжірибе елімізде алғашқы рет қолға алынып отыр. Нәтижесінде аудан, қалалардағы көмекші-техникалық персоналдар ветеринар мамандарға алмастырылып саннан сапаға көшірілді.
Биыл жануарлардың аса қауіпті саналатын нодулярлы дерматит, құтыру, аусыл, сібір жарасы, туберкулез, қарасан, эхинококкоз секілді 16 ауруына 40 млн-нан астам бекітілген жоспарға сәйкес 6 млн-нан астам доза вакциналар егілді. Көктемгі және күзгі энзоотиялық аурулардың алдын алу үшін залалсыздандыру жұмыстары бойынша ірі малдарды егуге 143,7 мың флакон, ұсақ малдарға екпе егу 93,2 мың флакон, үй іргелік қора-жайлармен, жапсарлас аумақтарды залалсыздандыруға 35,6 тонна сұйық дәрі, суаттарды залалсыздандыруға 111,7 тонна ұнтақ препараттары жеткізіледі. Міне, осылайша Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды шаралар қолға алынып жатыр.