ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ АТАУЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Қапшағай қаласының атауын өзгерту туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы қоғамда біраз пікірталас тудырғаны белгілі. Енді әлеуметтік желідегі жұрт Петропавл қаласының атауын өзгерту бастамасын көтеріп жатыр. Рас, бұл ұсыныс бұған дейін де көтерілген болатын. Көптің қалауымен онлайн-петиция да жарияланды. Облыс орталығының атауы өзгере ме әлде баяғы қалпында қала ма?

Петропавл әкімі Болат Жұмабеков көп жиі талқылап жатқан бастамаға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, петицияны мемлекет емес, жеке тұлға жасаған. «Мен, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы онлайн-петицияның жақтастары мен қарсыластарының пікірталастары жүріп жатқанын байқадым. Бұл петицияны жеке тұлға мемлекеттік емес сайтта жасағанын атап өткім келеді. Мемлекеттік органдардың бұл бастамаға қандай да бір қатысы жоқ. Қала әкімдігінің күн тәртібінде қайта атау туралы мәселе көтерілмегенін ресми түрде мәлімдегім келеді» деді қала басшысы.
Әкім аталған мәселе туындаған жағдайда оны қарау қалада тұратын халықтың пікірін ескере отырып, елдің ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетінін айтады. Демек көптің қала атауын өзгерту бастамасы нәтижесіз деген сөз. Бұдан бөлек Болат Жұмабеков «Сондықтан мен азаматтарды өзара құрмет көрсетуге шақырамын және әлеуметтік желілерде пікір қалдыру кезіндегі жауапкершілік туралы еске салғым келеді. «Жаңа Қазақстанда біз әрдайым «әр түрлі көзқарастар, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын ұстануымыз қажет» деп айтқан болатын еліміздің Президенті Қазақстан халқына Жолдауында. Біздің қаламыздың тұрғындары Президентпен бірдей пікірді ұстанып және біз бір-бірімізге қатысты жоғары мәдениет танытатынымызға сенімдімін» деді. Осындайда қала атауын өзгерту ұсынысы мемлекет басшысы айтқанда ғана жүзеге аса ма деген заңды сұрақ туады. Бір ғана нәрсе айқын, мыңдаған адамның қолы қойылған петицияның заңды күші жоқ және қала атауының өзгерер күні де жақында емес…