ТАРИХ – ӨТКЕН ШАҚ ПЕН КЕЛЕШЕКТІҢ КӨПІРІ

Қазақстан Республикасы жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Қазіргі заманның бір ерекшелігі – жаһандану үдерісінің белсенді қарқын алуы. Бұл – ширек ғасыр бойында өз алдына дербес ел болған мемлекетіміз үшін аса жауапты шақ екені даусыз. Жаһандану үдерісіне «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламада айтылғандай «…Өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз». Осы орайда Шымкент университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кешенді түрде, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Елімізде қоғамдық-саяси жаңғыру өз кезегінде рухани қайта түлеу негізінде жалғасын тапқан сәтте, тәуелсіз еліміздегі азаматтардың тарихи санасын қалыптастыра отырып, Ұлы дала тарихының қазыналарын толықтыру және егемен еліміздің жаһандық тарихтағы өзіндік орнын айқындау мемлекеттік саясаттың басым бағытының негізгі көрсеткішіне айналды.
Бағдарламада айтылған ұлы даланың жеті қыры және тарихи сананы қалыптастыру жолындағы игі бастамалары тарихшылар үшін жылдар бойы қалыптасқан бағыт-бағдарына жаңа серпін бере отырып, абыройлы міндет те жүктеп отыр. Рас, ұлтымыздың тарихы бір-екі ғасырлық тарихи оқиғалардан тұрмайды. Сақ, ғұн, түркі дәуірі мен моңғол шапқыншылығы тұсындағы тарихи оқиғалар қазақ жерімен тығыз байланысты. Осындай сан ғасырлық тарихи үдерістер барысындағы өткен оқиғалардың желісі мен мағынасы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ, тарихи тағылым.
Ұлы Дала жерін түрлі тарихи кезеңде мекен еткен тайпалар мен олардың құрған мемлекеттері қазақ тарихының ажырамас бөлшегі болып табылады.
Тарихымыздың мұндай міндетін бүгінгі күні университетіміздің тарихшы қауымы жеткілікті дәрежеде түсінеді. Сондықтан оқытушы-профессорлар құрамы «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы», «Қоғамдық сананы жаңғырутудың өзекті мәселелері» пәндері бойынша әр тақырыпқа тыңғылықты дайындалып, ғылымның соңғы жаңалықтарын барынша ескеруде. Мұндағы басты мақсат – тамыры терең Отан тарихын жетік меңгерген бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Шымкент университетінде «Қазақстан тарихы және жалпы білім беру пәндері» кафедрасы ел идеологиясының қалыптасуы мен рухани өмірінде үлкен жұмыстар атқарып келеді. 1995 жылы республика үкіметінің «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы мақұлданып, еліміздің төл тарихының да негізі қалануына одан ары жол ашты. Онда негізінен отандық тарих ғылымының басым тұстары сөз болды. Тәуелсіз ел болғалы төл тарихымыз терең зерттеліп, егемен елдігімізге, ой-санамызға, жас ұрпақтың сауатты бола түсуіне өз ықпалын тигізуде. Төл тарихымыз – ұлтымыздың келешегі мен өткенін түйістіретін көпір. Біздің кафедра да өз қал-қадерінше егемендігіміздің өркендеп, университетіміздің дами түсуіне септігін тигізіп жатыр.
Тарих мамандығы студенттерді өткенді сыни тұрғыдан зерделеуге үйретеді,қоғамның қыр-сырын түсінетін білімді азамат етіп дайындайды. Көптеген адамдар тарихты қарапайым деп санайды, өйткені ол адамзаттың ұзақ өмір сүргенін көрсететін тарихи фактілерден тұрады. Бұл мамандықтың студенттері тарихи оқиғалар мен олардың дәуірін қалыптастырған көрнекті тұлғаларды түсіндіруі керек.
Тарихты оқытумен қатар студенттер оқиғаларды талдауды үйренеді, бұл әртүрлі кәсіптерде пайдалы.
Егер сіз тарихқа қызығып, осы мамандықты ұнататын болсаңыз,мамандық туралы мәліметтер беруді жөн көріп отырмын.
Кафедра «6В01601-Тарих» мамандығы бойынша бакалавр мамандар даярлайды. Аталған мамандықтар бойынша мамандар даярлау университет талабы бойынша жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдарда тарих мамандығы бойынша сұранысқа ие.
«6В01601-Тарих» — «Тарих» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасы
Академиялық дәрежесі: бакалавр;
Бағыты: педагогикалық;
Мамандықтың атауы мен коды: 6В01601 — «Тарих»;
Оқу нысаны: күндізгі (жалпы орта мектеп пен техникалық және кәсіптік білім беру базасында), қашықтықтан оқыту (жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру базасында);
Оқудың басталуы: 1 қыркүйек;
Оқу мерзімі (ақылы): 4 жыл (жалпы орта мектеп базасында), 3 жыл (техникалық және кәсіптік білім беру базасында), 2 жыл (жоғары білім беру базасында);
Біліктілігі: білім бакалавры;
Білім беру траекториясы: «Әдіскер-мұғалім», «Орталық Азия халықтарының тарихы»;
Мамандануы: «6В01601- «Тарих» мамандығы бойынша білім бакалаврының кәсіптік қызмет саласы, нарық талаптарын ескере отырып, білім беру, ғылым, мемлекеттік қызмет (ҚР Білім және ғылым министрлігі жүйесінде)және білім беру саласындағы әкімшілік жұмыстар мекемесі (орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдары) болып табылады.
Мамандықтың ерекшелігі: 6В01601— «Тарих»мамандығы бойынша білім бакалавры мынадай кәсіби қызметтерді атқара алады :
— білім беру (педагогикалық): Қазақстан тарихының, білім алушылардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға қойылатын халықаралық-стандартты деңгейлік талаптарды ескере отырып, дүниежүзі тарихы мұғалімі;
— ғылыми-зерттеу: ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді зерделеу, шетелдік және отандық білім берудің ғылыми жетістіктерімен, оларды қорытындылау және оқу үдерісіне қосу; педагогика, тарих және басқа да әлеуметтік-гуманитарлық пәндер саласындағы зерттеулердің өзекті бағыттарын айқындау;
— ұйымдастыру-басқару: оқу үдерісін жоспарлау, білім беру ісін ұйымдастыру, ұжымды басқару, оқушыларды уәждеу, білім беру саласындағы инновациялық жұмыстар;
— әлеуметтік-педагогикалық: дүниетанымы мен ой-санасы дамыған, азаматтық ұстанымы белсенді саяси тұлға қалыптастыру;
— оқу-технологиялық: ақпараттық сауаттылық; ең жаңа технологияларды(соның ішінде тарихты оқытудың мультимедиялық құралдарын)меңгеру және оқу үдерісінде қолдану.
Еңбек нарығы: «6В01601-Тарих» мамандығы бойынша білім бакалаврының кәсіптік қызмет саласының нысандары: жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептер, лицейлер, колледждер, гимназиялар, біліктілікті көтеру институттары, баспалар, кітапханалар, педагогикалық, тарихи білім беру кабинеттері,білім беру мекемелеріндегі педагогикалық үдеріс болып табылады.
Түсуге қойылатын талаптар: ҰБТ тапсыру, төртінші пән – жалпы тарих.
«Тарих» білім бағдарламасының түлегі:
-тарихи құбылыстардың, үрдістердің және оқиғалардың заңдылығын, қоғамның және жеке тұлғаның дамуы үшін адам білімінің, рухани бағалы құндылықтардың көптүрлілігі мен олардың маңыздылығы туралы;
-қазіргі кезеңдегі халықаралық және аймақтық деңгейдегі тарихи оқиғалар туралы;
-оқытудың жаңа инновациялық технологиясының әдістері мен тәсілдері туралы;
-тарихты оқыту саласында, отандық тарихтың ғылыми теориялық-әдістемелік мәселелері, ғылыми жаңалықтар мен жобалар туралы;
-психологиялық-педагогикалық зерттеулердің пәні мен әдістері туралы, оқыту мен тәрбие бірлігін қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлі туралы түсінігі болады;
біледі:
— қоғамдық құбылыстар мен үрдістерді зерттеудің принциптерін, дүниені танудың тарихи негізін;
— әдістеменің ерекшелігі мен ғылыми негізін, оқыту үрдісінің логикасын, тарих бойынша білім алудың психологиясын, таным дағдысын дамытуды;
— тарихи категорияларды, ғылыми түсініктерді, ұғымдар мен заңдарды, олардың ұлттық және дүниежүзілік тарихта көріну формаларын;
-Қазақстан Республикасының институционалдық-құқықтық базасын, барлық маңызды заңдық нормаларды, Қазақстанның бірінші Президентінің Жолдауларын ( 2030, 2050 Стратегиялар);
— негізгі теориялық мәселелер мен оларды шешу жолдарын, тарихи зерттеулердің негізгі әдістерін, ғылыми жобаларды жасау және тағы басқаларды..
6В01601– Тарих мамандығының білім бакалавры бойынша оқу білім беруді дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келеді.
6В01601– «Тарих» бакалаврын дайындау білім берудің ұлттық моделі бойынша іске асырылады. Тарих саласы бойынша толық, сапалы, кәсіби білім алу мен кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру үшін жағдай жасалу болып табылады.
Қазақстан тарихы алдымен қазақтың өзіне қажет. Сол себепті де ел Президенті мен үкіметіміздің идеологиялық салаға қажет жолдаулары мен стратегиялық бағдарламаларын халыққа насихаттау жұмысын жалғастыру Шымкент университетінің басты талаптарының бірі. Олардың қатарында шетелдік және Ұлттық, Мемлекеттік алдыңғы қатарлы университеттердің озық тәжірибелерін дайындау, жаңа мамандықтар ашу, білім беру бағдарламаларын жаңғырту, жаңа базалық және элективті курстар дайындау, әрине, ең бастысы – сапалы, бәсекеге қабілетті маман даярлау біздің жұмыстың басты приоритеті болып қала бермек. Университетіміздің түлектері түрлі мамандық иесі атанып қоймай, тарихын толық меңгерген ұлтжанды азамат болып шығуы аса маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлігі жоғары әрі жаһандану заманында өзіндік нақышын жоғалтпаған ұлтты қалыптастыру саясатындағы басым бағыттарының бірі – Ұлы Дала жеріндегі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, халқымыздың отаншылдық рухының келбетін аша отырып, аса бай рухани тарихы бар ел ретіндегі түсінікті азаматтардың санасына берік ұялату. Ұлы Дала тарихының түрлі кезеңдері өскелең ұрпақты бір идеяға жұмылдырып қана қоймай, рухани жаңғыруына жағдай жасайтын тарихи оқиғаларға бай болғандықтан, оны жастар арасында насихаттау заман талабынан туындап отырғаны ақиқат. Сондықтан сапалы білім беріп, саналы тарихшыны дайындау – бүгінгі күннің талабы.

Ғазиза Ералиева,
Шымкент Университеті «Қазақстан тарихы және жалпы білім беру пәндері» кафедрасы
магистр, аға оқытушы

Есенбай Исмайлов,
Шымкент Университеті
«Қазақстан тарихы және
жалпы білім беру пәндері» кафедрасы, аға оқытушы