ЖОЛДАУ САЯСИ ЖҮЙЕГЕ ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУДІ КӨЗДЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы еліміздегі саяси жүйеге елеулі өзгерістер енгізуді көздейді. Жолдауда бүгінгідей геосаяси тұрғыдағы күрделі де қиын кезеңдегі батыл да маңызы зор бастамалар айтылған. Парламенттің өкілеттігін арттыру, Президентті, облыс әкімдерін, саяси қызметкерлерді қосымша саяси-қоғамдық, партиялық басқару міндеттерінен босату, экономиканы дамыту, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін көтеру сынды маңызды мәселелер бұрын да қоғамда жиі талқыланатын. Енді міне олар бойынша да нақты тапсырмалар беріліп отыр.

 

Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық ақпарат құралдарының ел өміріндегі маңызы мен міндетіне айрықша тоқталды. Жасыратыны жоқ, соңғы әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалар бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын айшықтай түсті. Бүгінде қолында қаруы бар мыңдаған сарбазға қарағанда миллиондаған аудиториясы бар ақпарат құралынан келер қауіп көбірек. Ақпаратқа иелік ете алған ел идеологиясы бүтін, кемел ел деуге болады. Сондықтан бұл саланың маңызы да айрықша. Президент өз сөзінде «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын» деді. Сөз жоқ, бүгінгі дәуір – бәсеке заманы. Қажет ақпаратты ашық түрде кез келген жерден, мекемеден алуға болады. Ал журналистер өз міндетін қалтқысыз атқарып, мәселені маңызын көрсете отырып көтерсе, қоғамның түйткілі шешімін табады. Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша назар аударып отыруы да саланың ел дамуындағы маңызынан хабар береді деп ойлаймын.
Жолдауда айтылған маңызды дүниенің бірі – жаңа облыстардың құрылуы. Президент мұның тарихи тұрғыда жақсы нәтиже бергенін айтып та өтті. Жаңа облыстардың құрылуы елдің дамуы мен қоғамның кемелдене түсуіне сеп болады. Мұны Шымкент пен Түркістанның тарихы дәлелдей түседі деген ойдамын. Бүгінде үшінші мегаполис атанған қаламыздың даму қарқыны артқан. Тарихи қала Түркістан да көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Ал Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы елдің даму деңгейін жаңа сатыға көтеретіні анық. Облыс атын алған өңірлердегі инфрақұрылым жақсарып, әлеуметтік мәселелер тез арада шешімін табатыны сөзсіз. Себебі шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары енді мәселесін көтеріп, облыс орталығына барып, табаннан тозбайды. Қашықтық әлдеқайда жақындайды. Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың есімін беру ел тарихындағы ерен еңбегі бар қайраткерді құрметтеудің озық үлгісі болумен қатар, жұрттың еңсесін көтеретін бастама болғаны белгілі.
Сонымен қатар президентіміз саяси жаңғыруды табысты жүргізу мен азаматтық қоғамды дамыту үшін билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түсу керегін айтты. Демек нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісі әрі қарай жалғасады. Жасыратыны жоқ, жергілікті өңірлерде аймақтың дамуына сеп бола алатын білікті кадрлар көп. Оларға да белгілі бір мүмкіндіктер берілсе, одан елдің ұтпаса, ұтылмасы анық. Осы орайда мемлекет басшысы «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет» деді. Сонымен қатар Жолдауда дағдарысқа қарсы шаралар жайы да айтылды. Жасыратыны жоқ, бүгінгідей сын сағатта сан түрлі салада белгілі бір қиындықтар орын алып жатыр. Нарық өзгеріп барады. Солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардың салқыны сезілуде. Бірқатар тауарлардың бағасы күрт өсіп, кедергі болуда. Десе де алаңдаушылыққа негіз жоқ. Жауапты министрлік пен Үкімет тарапынан ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Мемлекет басшысы да «Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар» деген еді. Десе де қазіргідей жауапты кезеңде белгілі бір топтар базардағы бағаны өз мүддесіне пайдаланып кету фактілері тіркелуде. Бұл мәселе де жуық арада шешіледі деген сенімдеміз. Бастысы ахуал президент бақылауында.
Мемлекет басшысы «Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деп кесіп айтты. AMANAT партиясының мүшесі, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде президентіміз ұсынған барша бастамаларды қолдап, елдің дамуы мен әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында барымды салатынымды жеткізгім келеді. Өзгерісті өзге емес, өзімізден бастауымыз қажет!

 

Талғат БАЛТАБАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі