СПОРТШЫЛАР ҮШ АЙДА 200-ГЕ ЖУЫҚ МЕДАЛЬ ОЛЖАЛАҒАН

Соңғы уақытта Түркістан облысындағы спорт саласының әлеуеті аса жоғары қарқынмен артып келеді. Мәселен, биыл алғашқы тоқсанда өңірде салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 443 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, 46 мыңға жуық адам қамтылған. Облыста дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 735 мың адамға жетіп, халықтың 35 пайызын құрап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен отырыста айтылды. Жиында облыста спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды.

Жалпы облыста 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Оның жартысына жуығы спортпен шұғылданады. 7 мыңнан астам адам жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысуда. Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Сауран» спорт клубы құрылған. Онда 39 жаттықтырушы жұмыс істейді. 196 мүмкіндігі шектеулі адам спортпен шұғылдануда.
Бүгінгі таңда өңірде 72 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі мен кәсіпорны бар. Аталған спорт мекемелерінде 51976 спортшы, 1450 жаттықтырушы тіркелген. Облыста 59, атап айтқанда, 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері дамытылып жатыр. 2022 жылдың 3 айында Түркістан өңірінің спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 75 алтын, 51 күміс және 71 қола, жалпы 197 медальға қол жеткізген. Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 12 алтын, 12 күміс және 5 қола, жалпы, 29 медальға қол жеткізді.
Осы уақыт аралығында әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола, жалпы, 3 медальға ие болды.
Бұдан бөлек, 20 мың бала мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы спортқа тартылған. Жаңадан құралған «Тұран» кәсіби клубы да спорттың бірнеше түрінен жеңістерге жетуде. «Тұран» әйелдер волейбол және баскетбол клубтары ел чемпионаттарында алда келе жатыр. Ерлер, жасөспірімдер арасындағы волейбол, баскетбол, гандбол клубтарының да қадамы алымды. «Тұран» футбол командасы премьер-лигаға жолдама алып, бақ сынауда. «Тұран-Томирис» қыздар командасы ел чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Облыс саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастырмақ. Еліміздегі халқы ең тығыз орналасқан өңірден шыққан талай таланттың туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетеріне сенейік!