РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙЛАРДЫҢ ҮШТЕН ЕКІСІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ

Бүгінгідей санкция салқыны сезіле бастаған уақытта қоғамды егістің жайы, малдың қамы көбірек толғандыра бастады.

Өңір-өңірлерде орын алып жатқан оқиғалар қоғамның жіті назарында. Осы орайда, Түркістан облысында атқарылып жатқан ауқымды шаралар жайын бақылап көрген болатынбыз. Мәселен, былтыр облыста 845 мың гектар аумаққа егіс егілген болатын. Биыл көлемі тағы 3 мың гектарға артпақ. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
«Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында картоп 8,5 мың гектарға, пияз 2 мың гектарға және сәбіз 2 мың гектарға егілуде. Облыстағы жылыжайлардың жалпы көлемі 1 467 гектарды құрап, республикадағы жылыжай аумағының 71% иемденуде. Егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету үшін 52 шақырым каналды бетондау, 241 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді» деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Биыл мал азықтық қорды қамту жайы толық бақылауда. Мыңға жуық агроқұрылымға 1000 гектар жайылымдық жер және шөп оруға шабындық жерлерді беру жоспарлануда. Оған қоса «Азық түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы өңірге 34 мың тонна бидайды жеткізу көзделуде. Одан өндірілетін 9 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағада, яғни, 65 теңгеден сатылмақ.