БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Соңғы уақытта елімізде жасанды көлдерде балық өсіру ісі қарқын алды. Ал бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республика бойынша көш бастап тұр. Өңірде тауарлы балық өсіруге жарамды өзен-көлдердің саны – 134. Оның 88-і – жергілікті маңызы бар су айдыны. Яғни балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы міне осындай балық өнімдерін өндіру шаруашылығының жұмысымен танысты. «Көмеш Балық» иелігіне 17 өзен кіреді. Балықтың сан алуан түрі бар. Жылына 500 тоннаға дейін балық өсіріледі.
Жалпы өңірдегі балық шаруашылығының қуаттылығы 8 мың тоннадан асып жығылады. Аталған саланы кәсіп еткен кәсіпорындар саны – 133. Сондай-ақ мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Сарапшылар Түркістан облысындағы жасанды су қоймаларында балық өсіру саласының жоғары әлеуетін айтуда. Айта кету керек, өңірдің тауар өндірушілері жылына 2 мың тоннадай балық өнімін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстанға экспорттайды.
Бұдан бөлек, Сайрамға жұмыс сапарымен барған облыс басшысы «Зәуре» шаруа қожалығының қызанақ және қияр өсіретін жылыжайының құрылысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, өңір басшысына ауыл шаруашылығын дамыту бойынша нақты тапсырмалар да берді.