ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 61 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН
Соңғы уақытта Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру бойынша қыруар іс атқарылды. Нәтижесінде үшінші мегаполис инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің қатарынан түспей келеді. Бір ғана мысал, қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 61 пайызға артқан. Бұл туралы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он төртінші сессиясында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Әзімбердиев мәлімдеді.
Халық қалаулыларына 2021 жылдың қорытындысын баяндаған сала маманы өткен жылы қала экономикасына 462 млрд теңгенің инвестициясы тартылғанын айтты. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 61 пайызға көп. «2021 жылға межеленген жоспар 15,5%-ға аса орындалды. Өткен жылы 100 млрд теңгеге 54 инвестициялық жоба жүзеге асты. Оның ішінде, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2021 жылы 16,1 млрд теңгеге 593 жұмыс орнын құрумен 15 жоба іске қосылды» деді Б.Әзімбердиев.
Айта кету керек, Шымкент қаласында қолайлы орта қалыптастыру бағытында 2021 жылдың қорытындысымен инвестициялық штабтың 16 отырысы өткен. Нәтижесінде 157 инвестициялық жобаға қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғасып, инвестиция көлемін арттыру баса назарға аударылып отыр.