ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ЖЕДЕЛ ТҮРДЕ ШЕШІМІН ТАБУДА

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың біраздан бері белсенділермен кездесіп, мәселелерді талқылап келе жатқаны белгілі. Бұл жолы қала басшысы Қаратау ауданының белсенділерімен жүздесіп, хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын талқылады. Бұл — аудан белсенділерімен ұйымдастырылып жатқан үшінші кездесу. Осы жиындарда ұзын саны 52 мәселе көтерілген. Аудан белсенділері көтерген түйткілдер орындалуы уақыты бойынша қысқа, орта және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Бірінші кезеңде 12 мәселе шешімін тапса, қалғаны орындалу үстінде екенін де тілге тиек ете кету керек.

Хаттамалық тапсырмаларға келсек, «Орманшы» тұрғын алабына ағаш отырғызу және гүлзарларды суғару үшін ұңғыма қазу мәселесін зерделеу бойынша Қаратау аудан әкімдігі №1 айналма жол бойындағы «Алатау» саябағына 2021 жылы күз айында мердігер «Build Stroi» ЖШС жалпы 2263 дана ағаш көшетін отырғызғанын және саябақта 1 дана ұңғыма бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар «Орманшы» тұрғын алабынан Шымкент каналының өтуіне байланысты суғару мәселесімен толық қамтамасыз етілгенін баяндады.
«Тассай» тұрғын алабындағы бос жерлерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жабық спорт кешені және мәдениет үйін салу бойынша бүгінде жеке кәсіпкер «ЖК Бейсенбаева» №451 жер учаскесінен сыйымдылығы 250 адамдық көлемі 80х12 спорт зал құрылысын жүргізу үшін сәулет жоспарлау жобасын әзірлеуде. Аталған спорттық нысанның жалпы құны — 150 млн теңге. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталып, қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Спорт нысанында балалар мен жасөспірімдердің спорттың бокс, стол теннисі, күрес, шахмат және дзюдомен айналысуына жағдайлар жасалады.
Тағы бір шешілген мәселе – қоғамдық көлік. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ және Ақжайық елді-мекендеріне қатынайтын қоғамдық көліктердің қатары толықтырылды. №70 маршрутқа 2 автобус және №2 маршрутқа 1 автобус қосылды. Ақжайық шағын ауданының тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында №20 автобус маршруттың қозғалысына өзгерістер енгізіліп, маршруттың жұмысы Сырым батыр көшесімен жүргізілді.
Жиын барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов халықпен ашық пікір алмасу мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын арттырудың тиімді құралы екеніне тоқталды. Сонымен қатар басқарма басшыларына тұрғындармен жиі кездесіп, мәселелерін тыңдап, жедел түрде тиісті шешімдер қабылдау керегін тапсырды. Айта кету керек, қала белсенділерімен ұйымдастырылатын мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.