ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ
Қазіргі таңда қоғам алдындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде сыбайлас жемқорлық тұрғаны жасырын емес. Қай мемлекетте болмасын жемқорлықпен күрес өзекті. Себебі жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлық әрекеті қандай қоғам үшін де қауіпті болып қала бермек. Сондықтан онымен күрес жүйелі әрі тұрақты болғаны дұрыс.
Қазақстан қаңтар қақтығысынан кейін, дамудың жаңа жолына түскенін көріп отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңарған Қазақстан» құру идеясын көтерді. Содан беріде екі айдың жүзінде елдің саяси-экономикасында жаңаруға деген алғашқы қадамдар жасала бастағаны аңғарылып отыр. Жауапты лауазымды тұлғалардың бірқатары ауысып, оларға жаңа, тың серпінде тапсырмалар беріліп отыр. Осылардың қатарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы да бар. Президент те өзекті мәселелерді айқындап берді. Ал осыған дейін Қазақстан мен Қытай шекарасындағы салықтан жалтарған деректер мен автокөліктердің утилизациясы мекемесіне қатысты жемқорлық иісі аңқып тұр деген сын айтылған-тын.
Жаңа үкімет жасақталып, елдің стратегиялық даму жоспарлары да түзіліп жатыр. Ендігі жерде Қазақстан дамудың жаңа сатысына түспек. Бұл орайда мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықпен күресті алдыңғы қатарға қойып отырғанында мән бар. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылғаны көпке мәлім. Ендігі жерде оның төрағасы мен мүшелігіне елге белгілі, танымал азаматтарды алып келуінің өзі халық алдында есебі анық, жұмысы көптің наразында болсын деген ізгі ниеттен туып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке келетін жастардан құралған резерв бар. Билікке білімді, білікті жас толқынның, жаңа буынның келуін қамтамасыз ететін болады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты талабына айналуы тиіс.
Елдегі ең өзекті мәселенің бірі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы аналар проблемасы екені белгілі. Осыдан болар, Президент салаға жаңа реформа қажет деді. «Елдің азаматтарының әл-ауқатының жоғары деңгейге көтерілуін қамтамасыз етуіміз керек» деуі де қордаланған түйткілдерді шешуге мән беруі деп білеміз. ҚР заңдарына сай, пара алушымен қатар пара беруші де қылмыстық жауаптылықта болатынын білеміз. Біз осы бір қоғам үшін індет саналатын жемқорлықтың кез келген көрінісіне толассыз күрес жүргізіп отыруымыз керек. Өскелең ұрпаққа жемқорлықтан келер залалдың құқықтық жағынан өзге, адами, рухани, тәрбиелік зардаптарын да үзбей түсіндіріп отыруымыз керек.
Ең алдымен әрбіріміз өз ісімізге жауапты қарауды үйренуіміз керек. Әркім өз маманының білгірі болуы тиіс. Өзгелерден де солай талап етсек нәтижеге қол жеткіземіз. Еліміздің қай саласы болмасын тұтас цифрландырылып жатыр. Қызмет көрсету салалары электронды форматқа көшуде. Бұл да адами факторды, екеуара қатынас амалын жойып, сыбайластықтың алдын алады. Жол жүру ережелерін бақылау бұрындары жол полициясы инспекторларына міндеттелсе, қазір оның біраз бөлігі арнайы құрылғылар мен камераларға ойысты. Орталықтандырылған жүйеден бақылау адами күштің салмағын азайтты.
Білім саласы болсын, медицина болсын, құқық қорғау органдары болсын мамандарының білімсіз болмауына аса мән бергені жөн. Білімді маман өз ісіне сенімді бола түседі. Сенімді адам жұмысын ұқыпты атқаратын болады. Ал тамыр-таныстықпен, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықпен жұмысқа келген маманның өміршеңдігі де, жұмысын алып кету мүмкіндігі де аз. Ол жұмыс беруші үшін де қауіпті. Мәселен, дипломын ақшаның күшімен алған маман ертең қызметке келеді делік. Соны дәрігердің немесе прокурордың орнында, болмаса қоғамдық көлік жүргізушісі орнына қойып, бір сәтке болса да елестетіп көріңізші. Ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан елге, халыққа, жалпы қоғамға залал келтіретін, алға жылжуды тежейтін жаман көріністерден көпшілік болып арылуды қолға алсақ, алынбас қамал болмайды.
Қорыта келе, айтарымыз, еліміз демократиялы, зайырлы, құқықты болып, ондағы мекен еткен азаматтардың бостандықтары толық сақталсын десек, жемқорлық сипатындағы кез-келген көрініске төзгісіз күрес ашуымыз қажет. Көп болып жұмыла кіріссек, біз оны жеңеміз. Елдің еңсесі де тіктеле береді. Ертеңіне деген сенімі де арта түседі.
Талғат АСҚАРОВ,
Түркістан облысы, Арыс қаласы
«С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің
директоры