ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БАСҚАРМА БАҚЫЛАУЫНДА

Бүгінде еңбек шартына қатысты даулар көбейген. Жұмыс беруші мекемеден айлық жалақысын ала алмай, табаннан тозып жүрген жандардың үндеуін әлеуметтік желіден көріп қалатынымыз да жасырын емес. Осындайда құзырлы мекемелер қайда қарап отыр деген заңды сұрақ туады. Сөйтсек мәселені майшаммен қарап жатыр екен. Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов Ақпараттық-коммуникациялық орталығында көптің көкейінде жүрген біраз сауалдардың жауабын берді.

Басқарма басшысы өткен жылы қала аумағындағы өндірістік жарақаттанудың жай-күйі, жалақы қарызы, ұжымдық шарттар мен электрондық еңбек шарттарын есепке алу және басқа да мәселелер бойынша сөз қозғады.
«Бүгінгі таңда жалақы қарызы бойынша 2 кәсіпорында 50 жұмыскерге 10,78 млн теңге жалақы қарызы қордаланып отыр. Ал ұжымдық шарттар туралы қалада 3 846 компания жұмыс істейді, оның ішінде 1640 кәсіпорын (95,4%) ұжымдық шарттарды құрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген жоспар бойынша 2020 жылы электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне 2993 компания тіркелуі тиіс болатын. Бүгінгі таңда электрондық еңбек шарттарын 3928 компания енгізді, жоспардың орындалуы 131,2%-ды құрап отыр»,- деді спикер.
Бұдан бөлек, өткен жылы басқарма тарапынан 1157 азаматтың өтініші қаралып, нәтижесінде 234 тексеру жұмысы жүргізіліп, 410 құқық бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, еңбек қатынастары бойынша – 289, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 109, халықты жұмыспен қамту бойынша – 12 заңбұзушылық белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта жалпы анықталған құқық бұзушылықтардың 364-і жойылып, еңбек заңнамасына сәйкес ретке келтірілген.