ЕГІС КӨЛЕМІН АРТТЫРУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Көктем келгеннен елді егіннің жайы алаңдата бастайтыны анық. Қамбаны толтырып, елдің еңбегін еселей қайтаратын саланың бүгінгі жай-күйі кімді де болсын алаңдатары белгілі. Ал еліміздің үшінші мегаполисінде дала жұмыстарына арналған техникалар дайын ба? Олардың жай-күйі қандай?

 

Шымкентте қажет техника дала жұмыстарына сақадай сай. Өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркі 10 жаңа трактормен де толықтырылған. Оның жетеуі – отандық техника. Қала аумағындағы егіс көлемін 29,8 мың гектарға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 мың гектарға артық. Нәтижесінде егіс алқабынан 90,1 мың тонна өнім алынады деп жоспарлануда.
Ағымдағы жылы мал азықтық өнімдерді өндіруге айрықша мән берілмек. 2021 жылы 8,9 мың гектар жерден мал азығы алынса, биыл оның көлемі 9,5 мың гектарға дейін артады. Ал егістіктің 43,6 пайызын дәнді дақылдар құрайды. Қала төңірегіндегі 13 мың гектар дәнді дақыл өсірілетін алқап болса, оның 2,5 мың гектарына жаздық, 10,4 мың гектарына күздік тұқым егіледі. Шаруалар да қажет астық тұқымдарымен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ «Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де 107,7 тонна тұқым қоры әзірленгенін де айта кету керек.
Биыл егін өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар мен тұқым шаруашылығына және пестицидтердің, биоагенттердi субсидиялауға қаржы қаралып отыр. Қажет жанармайды тарататын операторлар да анықталды. Қазір шаруалардың өтінімі негізінде жанармайдың литрі жеңілдетілген бағамен, нақтырағы 189 теңгемен ұсынылуда.