ТҮРКІСТАНҒА ТАБАН ТІРЕГЕН ПОЛЬША ЕЛШІСІ ӨҢІРДІҢ ДАМУЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ
Түлеген, түрленген Түркістанның көркі күн санап артып келеді. Сәулетімен талайды өзіне тартқан облыс орталығына табан тіреп, рухани астананың бүгінгі келбетіне тәнті болғандардың саны да арту түсуде. Енді Түркістан жаһан елдерімен жақындастыратын іскерлік орталыққа айналып келеді. Мәселен, Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич Түркістанға іссапармен келіп, Рашид Аюповпен кездесті. Жиында екіжақты әріптестік жөніндегі мәселелер талқыланды.
Рашид Аюпов кездесу барысында елшіге облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндап, экономикалық байланыстар мен әріптестікті нығайту жөніндегі ойларын айтты. Түркістан инвестиция тартуға барша қолайлы жағдайлар жасалғанын алға тартып, Польша кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өткізу турасындағы ұсынысын айтты. Қаладағы оң өзгерістерді Польша елшісі де байқаған екен.
«Шаһарларыңызға екінші рет келіп тұрмын. Дамып жатқаны байқалады. Польша мен Қазақстан арасында өте тығыз достық қарым-қатынас орнаған. Кәсіпкерлік саласындағы байланысты нығайтуға да мүмкіндік бар. Бизнес-форум өткізу туралы ұсынысыңызды қолдаймын. Бұл мәселеге арнайы тоқталып, жүзеге асыруға күш саламыз» деді елші. Сонымен қатар ол қос халықтың арасындағы тарихи сабақтастыққа да тоқталып өтті.
«Мен біріншіден, қазақ халқына алғысымды айтамын. Түркістанға келудегі басты мақсатым да – поляк халқының Қазақстан жұртшылығына деген ыстық ықыласы мен алғысын жеткізу. Өткен ғасырдағы қиын кезеңдерде қазақ даласына мыңдаған поляк азаматы күштеп көшірілді. Қазақ халқы оларды құшақ жая қарсы алып, бір нанды бөлісіп жеп, қамқорлық танытты. Түркістан өңірінде де поляк халқының өкілдерінің зираттары бар. Осы тарихи орындарды табуға көмектесіп, біздің тарихшылармен тығыз байланыста жұмыс атқарған азаматтарға Польша елінің «Opiekun Miejsc Pamięci Narodowej» медалін тапсыруға рұқсат етіңіздер» — деген Селим Хазбиевич Кентау қаласының тұрғындары Расылбек Өткелбаев пен Салтанат Дүйсенованы арнайы марапаттады. Бұл медаль ұлттық ескерткіштерді қорғауға қосылған үлес үшін беріледі.
Жиын барысында Польша елшісіне Түркістан облысы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Қонақтар да естелік сыйлықтарын ұсынды. Екі тарап алдағы уақытта байланысты тереңдете түсуге уағдаласты.