ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ МАҚТААРАЛДАҒЫ ЖАҢА ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің аудандарды аралап, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін талқылап, тиісті тапсырмалар жүктеп жүргені белгілі. Оқырман қауымның жадында болса, жуырда облыс басшысы арнайы жиын барысында Мақтаарал ауданының бүгінгі жай-күйін талқылап, аудан әкімі Бақыт Асановқа тапсырмалар берген болатын. Міне сол мәселелерді көзбен көріп, мәселе болса, түйінін ағыту мақсатында облыс әкімі Мақтаарал өңіріне де табан тіреді.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандар мен ауылдар әкімдіктің назарынан тыс қалған емес. Ондағы инфрақұрылым мәселесі де әкімнің тікелей бақылауында. Мәселен, Мақтаарал өңіріне барған Өмірзақ Шөкеев Атакенттегі дәрігерлік амбулаторияның жағдайымен танысып, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарды тыңдады. Мәселе табан астында шешімін тапты. Атап айтқанда, ескірген ғимараттың орнына жер бөлініп, құрылыс тез арада қолға алынатын болды. Өңірдегі өзекті мәселелер жайымен танысқан аймақ басшысы сала басшыларына шұғыл тапсырмалар жүктеді. Өз сөзінде кәріз жүйесін құруға қатысты жобалардың тым қымбатқа түсетінін айтқан облыс әкімі автономды модульді жүйені қарастыруды тапсырды. Инфрақұрылымы жоқ және оны жүргізу тым қиын жерге көпқабатты тұрғын үйлерді салуды тоқтату керектігіне де тоқталды.
«Мен осы мәселені қашанғы қайталай берем? Биік үйді тұрғызып, не жарық, не газ, кәріз жүйесін жеткізе алмай отырасыздар. Инфрақұрылымы қыруар қаржыны талап ететіні белгілі. Одан да жер беру керек. Тағы да қайталаймын, ауылды жерде көпқабатты үйлерді салудың қажеті жоқ. Екіншіден, басты мәселе – жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту. Осы индикатор арқылы кімнің қалай жұмыс істеп жатқаны аңғарылады. Сондықтан ауылдарды аралап, жұмыссыздар санын нақтылау қажет. Еш жерде тіркелмеген, бірақ жұмыс істеп, табыс тауып жүрген азаматтарды жұмыссыздар қатарынан шығару ісін де жүйелеген жөн» деді облыс әкімі. Ал Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов облыс басшысын өңірдегі индустриалды аумақта жүзеге асатын жаңа жобалармен таныстырды. Онда мақта талшығын өңдеу, темірбетон өңдеу, мақта майын өңдеу, баламалы гибридті электр станциясы, жұмыртқа өнімдерін өндіру орындары іске қосылуда. Сондай-ақ элиталы мақта сорты таныстырылды. Мақтааралдық мақта тұқымы – зиянкестерге төзімді әрі экономикалық тұрғыда да тиімді.
Өңір басшысы «Huayi International Cotton Co., Ltd» мақта зауытының құрылыс аумағында болды. Сонымен бірге Атакентке табан тіреп, шаруалармен «Еспол» ЖШС-на қарасты диірменді іске қосу барысын талқылады. Бұдан бөлек, 4 га жерде 100 адамды жұмыспен қамтып отырған «Хамро ата» шаруа қожалығының жылыжайына да барды. Шаруа бүгінде бақша дақылдарын өсіріп, табысын көбейтуге айрықша назар аударып отыр. Оңтүстік аумақтарда жаңа жұмыс орындарын ашудың үлгісін көрсетуді ұсынған облыс басшысы жылыжай санын арттыру арқылы өзін-өзі қамтитын және өзгеге жұмыс тауып беретін азаматтардың артатынын айтты.
Мырзакенттегі орталық саябақтың жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Саябақ қалпына келтірілуі тиіс. Мәселе терең зерделеніп, тиісті шешім қабылданады. Құрылысқа қажет қаражат та бөлінеді. Сапар барысында Өмірзақ Шөкеев жаңа жұмыс орындарын ашу мен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында тиісті сала мамандарымен сұхбат құрып, мәселелерді талқылады. Алдағы уақытта түйткілдердің түйінін ағыту мақсатында атқарылатын жұмыстар қарқын алмақ.