САРЫАҒАШТЫҚ КӘСІПКЕР 50-ГЕ ТАРТА АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР
Елімізде кәсіп бастауға ниетті азаматтарға барынша жағдай жасалып келеді. Оның шарапатын көргендер де жетерлік. Солардың бірі — «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС кондитерлік фабрикасының негізін қалаған кәсіпкер Ұлбосын Айдарова. Кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан несие алып, жұмысын бастаған. Қазіргі таңда «ЮжКонд» брендімен танылған кондитерлік фабрика өнімдерімен еліміздің түкпір-түкпіріндегі сауда орындарын қамтуда.
Мекеме жылына 1000 тоннаға жуық кондитерлік өнім өндіреді. Тәттінің 40-қа жуық түрі дайындалады. Дәмі тіл үйіретін тәттілерге деген сұраныс та жоғары. Қанатын кеңге жайған фабрика қазіргі таңда 50-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Бұл аудандағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне сеп болуда. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке 80 млн теңге салық төлеп келеді. Мекеме басшысы алдағы уақытта жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін кеңейтуді және болашақта өнімдерін Ресейге экспорттауды көздеп отыр.