ДЗЮДОШЫЛАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Ақтауда дзюдодан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған додаға Түркістан облысынан 20-дан астам балуан қатысты.

Нәтижесінде түркістандық балуандар жоғары нәтижемен оралды. Атап айтсақ, ерлер арасында 90 келі салмақ дәрежесінде Айдар Арапов алтын медаль иеленді. 100 келіде Рауан Назымханов күміс жүлдені қанжығаға байласа, 81 келіде сынға түскен Бексұлтан Ашен қола жүлдеге ие болды. Ал қыздар арасындағы 78 келідегі балуан Назгүл Есімбек жеңімпаз атанып, алтын медаль алды. Міне, осылайша түркістандық балуандар ұлдар арасында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншілесе, қыздар арасында 1 алтынға қол жеткізді. Нәтижесінде облыс спортшылары командалық есепте 3-орынға тұрақтады. Сайысқа облыс спортшыларын дзюдо күресінен аға жаттықтырушы Мейіржан Қалтаев бастап барғанын да айрықша айта кету керек.