ДЕПУТАТТАР 9 КҮНДЕ 136 ЕЛДІМЕКЕННІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ҚАЛАЙ КЕЗДЕСІП ҮЛГЕРГЕН?

Ағымдағы жылдың 16-ақпанынан бастап Түркістан облысына Парламент Мәжілісінің депутаттары іссапармен келген. Сапар барысында депутаттар өңір тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған түйткілді мәселелерді Парламент мінберінде көтермек.

Осы мақсатта депутаттар бір аптадан астам уақыт бойы өңір тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Депутаттарға мұңын жеткізген тұрғындар көбіне әлеуметтік жағдайы туралы, тұрғын үймен қамту, жұмыссыздықты шешу, ағын су мәселесін реттеу, ауыз суды жеткізу, жер телімдерін беру, ауыл шаруашылығына арналған субсидия мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету мәселелерін көтерген.
Өткен аптаның жұмасында халық қалаулылары жұмыс сапарларын қорытындылап, елордаға үлкен аманат арқалап кетті.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жазады. Әкімдік жолдаған бұл ресми хабарламада «Amanat» партиясы (сол кездегі «Nur Otan» партиясы) қазіргі Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың бүй деп келтірген деректері жазылыпты.
«Депутаттар 16-ақпаннан бері Түркістан облысының 17 аудан, қаласында жұмыс сапарымен болып, 136 ауыл, елдімекенде елмен жүздескен. Сонымен қатар 16 қоғамдық қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарының 150-ден аса арыз-өтініштерін тыңдаған».
Айналдырған 9 күннің ішінде он емес, жиырма емес, жүз елуге жуық елді мекенді аралап үлгерген депутаттарымыз осыншалықты едел-жедел қимылдайды ма? Әлде бұл есеп болу үшін айтыла салған жай сөз бе?