КЕЛЕСТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ КӨГЕРМЕЙ ТҰР
Түркістан облысы, Келес ауданының климаты мен табиғаты ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы. Бірақ салаға жауапты мамандар бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмаған. Ауыл шаруашылығы саласында кейбір көрсеткіштердің толық орындалмауы – соның жарқын мысалы.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың былтыр атқарған жұмыстарының есебімен танысу кезінде осындай баға берді.
Өз сөзінде облыс әкімі «Келестің ауа райы ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Бірақ бұл артықшылықты толық пайдаланып отырған жоқсыздар. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, агросала мен мал шаруашылығын дамыта түсу керек. Неге ұйымдастырмайсыз? Әлде жұмыс күші жоқ па?»,-деп аудан әкімін сын тезіне алды. Аймақ басшысы осы бағытта атқарылатын жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Өз кезегінде аудан әкімі Ақментай Есбаев ауыл шаруашылығы саласы бойынша тұралаған көрсеткіштерге қуаңшылықтың әсер еткенін алға тартты. Осылайша министрлікте отырғандар үшін де тығырықтан сытылып шығудың таптырмас тәсілі қуаңшылықты аудан әкімі Есбаев та желеу етіп отыр.
Одан өзге Өмірзақ Естайұлы ауданды газдандыру, ауыз сумен қамту, ағын су және инфрақұрылым салаларындағы қордаланған мәселелер жедел шешілуі тиістігін ескертті. Айта кетейік, Келесте тұрғындардың көгілдір отынға қол жеткізу көрсеткіші 80,1 пайызға жеткен. Бүгінде аудандағы 83 елдімекеннің 50-і табиғи газбен қамтылған. Өткен жылы 9 елдімекеннің газ нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталған. Ауданда сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткен. Былтыр 14 елдімекенде ауыз су құрылысының жұмыстары жүргізілген.
Өңір басшысы ауданның инфрақұрылымын жақсарту үшін жер асты суларын барлау, жылыжай шаруашылығы, су қоймаларды тиімді пайдалану бағыттарында жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Ауыл ішіндегі сапасы сын көтермейтін жолдарды ретке келтіретін уақыт жеткенін қадап айтты.
Былтыр Келес ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 89,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,2 млрд теңгеге артты. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 69,4 пайызды құрап отыр. Биыл жалпы өндірілген өнім көлемін 95,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Одан өзге ауданға барлығы 13,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 543,5 млн теңгеге өскен. Ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 62,2 млрд теңгені құраған. Алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба өз жұмысын бастап, 121 мың тонна бақша және көкөніс өнімі жиналған.
«Солтүстік-Ташкент» каналының аудан аумағындағы Жүзімдік, Бірлесу, Ақтөбе ауылдық округтерінің 19,2 шақырым бөлігі механикалық тазалаудан өткізілуде. Нәтижесінде 1500 га жер қайта айналымға түсетін болса, 2922 га жерге су өткізу мүмкіндігі жақсаратын болады.