ИНТЕРНЕТ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

Елімізде интернет мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Шалғайдағы ауылдарды қоспағанда, қала маңындағы шағын аудан тұрғындары да сапалы интернетке зәру. Десе де атқарылып жатқан игі бастамаларды жоққа шығаруға тағы болмайды. Мәселен, Шымкент қаласы, Қазығұрт шағын ауданындағы интернет мәселесі жуық арада шешімін табады. Тарқатып айтайық…

Қазіргі уақытта Қазығұрт ауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында «СпецавтоматикаСервис» ЖШС талшықты оптика желісі жүргізіп жатыр. Бастама қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысу үшін Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов аталған аумаққа барып, инвестормен кездесті.
Жоспар бойынша тиісті жұмыстар екі ай көлемінде атқарылып, тұрғындар сапалы да жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізбек. Айта кету керек, шағын аудан тұрғындары жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылу үшін +7 705 783 06 80 байланыс нөмірі арқылы өтінім қалдыра алады.