2021 ЖЫЛЫ 812 ОТБАСЫҒА ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР ТАБЫСТАЛҒАН

Жыл өткен сайын тұрғын үй мәселесі толғақты түйінге айналып барады. Баспана бағасының қымбаттауы былайғы жұрттың қалтасына оңай тиіп жатқан жоқ. Көптің пәтер жағалап, ал пәтер иесінің бағаны негізсіз өсіріп отырғанын да бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып жүр. Осы орайда көптің мемлекеттік бағдарламаларды іздеп, талабын түгендейтіні де жасырын емес. Сұраныс көп. Ал үшінші мегаполисте қандай шаралар атқарылып жатыр?

Шымкентте қаласында 2021 жылы 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспары белгіленген болатын. Жыл қорытындысына сенсек, 812 отбасыға жалдамалы пәтер табысталып, қалған 164 отбасыға биыл, нақтырағы мемлекеттік тіркеу жұмысы аяқталған соң үлестірмек. Бұл туралы тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев қала әкімдігінің «Instagram» парақшасындағы тікелей эфирде мәлімдеді.
Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының сөзінше, 2021 жылы 315 отбасы «Бақытты отбасы» несие бағдарламасы арқылы баспанамен қамтылса, оның ішінде 149 отбасыға алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаты берілген. Ал «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кезектегі 1 460 отбасы баспанамен қамтамыз етіліп, оның ішінде 267 отбасыға тұрғын үй сертификаты үлестірілген.
«Биыл 1605 пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша (5-20-25 және 7-20-25) 2096 азаматты тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарлануда» деді Ғалымжан Өтенбаев.
2022 жылы кезекте тіркелген 1,2 топ мүгедектерге, жетім балаларға, көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселесі қаралуда. Айта кету керек, тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан 100-ден аса сұрақ келіп түсті. Сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй кезегіне қатысты болды. Басқарма басшысы тұрғындарға баспана кезегіне тіркеліп қана қоймай, баспаналы болудың өзге де тетіктеріне назар аударып, әрекетке көшу керегін айтты.