45 МЫҢНАН АСА АЗАМАТ БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Былтыр Түркістан облысында барлық қаржыландыру көздері есебінен көлемі 790 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жоспар артығымен орындалып, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 823,8 мың шаршы метрді құраған.

Қазіргі таңда өңірде құрылыс қарқыны жоғары. Әсіресе тұрғын үйлер көптеп салынуда. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімшілік-іскерлік орталығы және өзге де аумақтардағы тұрғын үйлердің құрылыс барысын қадағалап, мердігерлермен кездесті. Мердігерлерге тұрғын үйлердің инфрақұрылымы, электр, жылу жүйесі талапқа сай болуы керектігін айтқан өңір басшысы құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұрғанын ескертті.
Биыл өңірде 10 мыңдай отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Бұл үшін барлық қаржыландыру көздерінен 220 үй бой көтеріп, 836,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде 45 мыңнан астам азамат тіркелген.