ҚАЛАЛЫҚ САЯБАҚ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ
Түркістан қаласында жаңа саябақ қолданысқа берілді. «Қалалық саябақ» деп аталатын нысанның жалпы аумағы 28 гектарға жуық. Түркістандықтар тынығатын аумақта субұрқақтар, веложолдар, демалатын орындар мен сәулеттік нысандар бар.
Дендросаябақ үлгісінде салынған саябақ аумағында 12000 түп ағаш егілген. Егілген көшеттер жерсініп, тамырын тереңге бойласа, айнала мәуелі баққа айналмақ. Сонымен бірге 2360 шаршы метріне гүлдер егілсе, 20476 шаршы метр бөлігіне көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Таза ауамен тыныстап, ой сергітуге қолайлы саябақта аяқжол тақтайшалары мен асфальтты жол төселіп, 710 дана жарықшам орнатылған. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған.
Жалпы Түркістан қаласында 225 гектарды құрайтын 30 саябақ, 34 сквер және 129 гектар жасыл алаң бар.
Рекреациялық орындардың саны алдағы уақытта да арта түспек. Бүгінде қаланың шеткі бөлігінде «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының құрылысы жүруде. Ол жерде болашақта туристік орынға айналатын жағалау мен жасанды көлдің дамбалары тұрғызылған. Жасанды көлді тереңдету жұмыстары және су жіберетін каналдың бетон құю жұмыстары аяқталған. Жасанды көл түбіне 500 000 м2 геомембрана төселіп, топырақпен қайта көмілген. Нысанның құрылысы биыл қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.