АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЯ АЛАДЫ МА?
Осыдан үш жыл бұрын дәлірегі 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдер қызметінің нәтижесін қараған кезде ең алдымен жұмыс орындарын құру көрсеткішімен бағалайтынын ескерткен болатын. Бұған жіті назар аударылмаса қиын жағдайдан шыға алмайтынымызды, ал әзірге мәселе тиісті шешімін таппай отырғанын ашық айтқан еді.
Өкінішке орай, жұмыссыздық мәселесі әлі өзектілігін жойған жоқ. Ал аймақ әкімдері болса Президенттің бұл тапсырмасын қарамағындағыларға бұрып қоюдан әріге бара алмай отыр.
Мәселен, осы аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әрбір аудан, қала әкімінің негізгі көрсеткіші жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырумен өлшенетінін айтты.
Қазіргі таңда облыста жұмыспен қамтылғандардың саны 777 мың адамды құрайды. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің сөзінше, жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі ауылдық елдімекен тұрғындары. Оның ішінде экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандардың 22,6% – ауыл шаруашылығы, 18,4% – білім беру, 17,4% – сауда саласына тиесілі болса, өнеркәсіп саласының үлесі – 6%.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева былтыр «Еңбек» бағдарламасы арқылы 102,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысқанын хабарлады. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. «Жастар тәжірибесіне» биыл 5658 мың адамды жолдау жоспарланып отыр. Және аталған бағдарламаның мерзімі 12 айға ұзартылады. Еңбекақысы 30 АЕК немесе 91 890 теңгеге жеткізілмек.
Аталған бағдарламалар аймақтағы жұмыссыздық ахуалын түпкілікті шешпейтіні тағы анық. Сондықтан да жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне көп екпін түсірген абзал. Осы бағыттағы Президент айтқан талаптың үдесінен жергілікті әкімдердің қалай шығатыны уақыттың еншісінде.