БҰРЫН ТОЙХАНА ЕДІ, ҚАЗІР ШЕ?

2020 жылы басталған пандемия біраз саланы тұралатып тастады. Індеттің таралу қаупін тудыратындықтан жүздеген адамдардың басын біріктіретін той өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Осыған байланысты біраз тойханалардың есігі тарс жабылып, талай кәсіпкердің тірлігі тоқырап қалған-тын.

Істің көзін таба білетін кәсіпкерлер тығырықтан шығар жол тауып, қалыптасқан ахуалға байланысты басқа салаға бейімделуге бет бұрып кетті. Мәселен, Арыс қаласында 5 тойхананың мақсаты өзгерді. Соған сәйкес тойхананың біреуі әлеуметік салаға қарай бағытталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы мекеме ғимаратына айналса, енді бірі жастарды олимпиадалық спорт түрлеріне дайындайтын орталық болып шыға келді. Одан өзге Ақдала ауылдық округінде бұрынғы 500 орындық салтанат сарайы 1200 баланы қабылдауға арналған спорттық бағыттағы ғимарат болмақ. Санаулы күннен кейін іске қосылатын спорт орталығында бокс, дзюдо, қазақ күресі мен би үйірмесі жұмыс істейтін болады. Жасөспірімдер тегін жаттығатын орталыққа тәжірибелі мамандар жан-жақтан арнайы шақыртылған.
Айта кетейік, Арыста бұған дейін де бір тойхана «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы болып бейімделген болатын. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Аптасына бес күн жұмыс істейтін нысанда үстел теннисі, жаттығу залы мен ой-өрісті дамытуға арналған түрлі жабдықтар қойылған. Тіпті, тәжірибелі маманның массажы мен кітапханасы да бар. Мұнда қызметке қабылданған жұмысшылар да мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған.
Жалпы бүгінде Арыс қаласында 18 тойхана бар болса, қазіргі кезде соның 5-і нысаналы мақсатын өзгертіп, әлеуметтік бағытта ел игілігіне қызмет етуде.
Бұл игілікті іске ұйытқы болған кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаның арқасында қаржыландырылады. Сондықтан да ондағы қызметтердің барлығы тұрғындар үшін тегін көрсетіледі.