ЖЕКЕМЕНШІКТЕГІ ТЕЛІМДЕР ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРГЕ АЙНАЛДЫ

Жекеменшікке беріліп кеткен жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Президенттің Үкіметке берген тапсырмасы бойынша Бәйдібек ауданында сең қозғалды.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жайылым жердің жетпеуі көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе екені белгілі. Өткен жылғы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында жайылым жерлерді ел игілігіне қайтару туралы тапсырмасының нәтижесінде аудандағы бұл мәселеге жергілікті билік тарапынан мән беріліп келеді.
Атап айтқанда, жергілікті әкімдік пен аудандық прокуратура тарапынан жүргізілген жүйелі түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жайылым жерді пайдаланушылар телімдерді мемлекетке қайтарып жатыр.
Бұған дейін аудандағы 11 ауылдық округтегі 51 елді мекенге жақын орналасқан қажетті жайылым жер картасы әзірленген. Осы картаға енгізілген жайылым жерлерді 310 заңды тұлғаның пайдаланып отырғаны анықталған. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Алғабас ауылдық округінен Әлібек Шірікбаев — 139 га, Білісбек Қасымбеков — 79 га, Көктерек ауыл округінен Диханбай Дүйсенбек — 195 га жайылым жерді (барлығы 413 га) аудандық жер қорына қайтарған.
Ал Боралдай ауыл округінде фермерлер одағының төрағасы, «Дихан-А» ӨК директоры Мырзабек Аребаев, «Жаныс» ӨК директоры Садық Әлжанов, «Төменгі Боралдай» ӨК директоры Сейіл Қасымбетов ауыл маңынан 7 шақырымға дейінгі аймақта жатқан жайылым жерді елге табыстаған.
Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмас үшін қадағалушы орган мен әкімдік қызметкерлері кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
Төрт түлік жайылатын өріс алқабын кеңейту үшін аудандағы елді мекенге жақын жер телімдері заңды тұлғалардан мемлекет меншігіне өткеннен соң телімдерге ортақ жайылым жер ретінде құжаттар рәсімделеді.