ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ КИНОСЫ?!

Кино саласының көптеген дамыған елдерде қуатты идеология қаруына айналғаны белгілі. Жыл сайын миллиондаған табыс әкелетін аталған өндірістің елімізде кенже қалып келе жатқаны да жасырын емес. Бұдан бөлек, жыл сайын мемлекет отандық кино өндірісін дамытуға миллиардтар бөліп келеді. Десе де салада өзекті де өткір мәселелер жетерлік. Қордаланған түйткілді түйін жайын «Қазақфильм» президенті Ақан Сатаев та атап өтті.

Атап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында кинорежиссер Ақан Сатаев «Қазақфильмнің» жұмысын қатаң сынға алды. Оның сөзінше, жарыққа шыққан фильмдердің дені лайықты нәтиже бермей, сөрелерде қалып қояды. «Фильм түсіріліп жатқан сияқты, бірақ көп жағдайда, өкінішке орай, лайықты әсер жоқ. Фильмдер кассада сәтсіздікке ұшырайды, содан кейін сөрелерде шаң басып тұрады. Халықаралық сатылымдар да қиын. Өйткені киностудия мазмұнының барлығы дерлік қарапайым. Бұл — 500-ге жуық атау, үшінші тарап авторлық құқық мәселелері, техникалық мәселелер. Біздің заң департаменті қазір мұның бәрін тазалап жатыр, бірақ бұл үшін ондаған жылдар қажет болуы мүмкін» дейді Ақан Сатаев.
Маманның сөзінше, «Қазақфильм» туралы көптің көкейіндегі түсінік пен шынайы өмір сәйкес келмейді. Мекеме ғимаратының өзі жөндеуге зәру. Салынғалы инженерлік желілер өзгермеген, қабырғалар мен құбырлар, сымдар шіріп жатыр. Ұрлық пен кәсібиліктің жоқтығы, бюрократия кесірінен мемлекет ақшасы тиімсіз жұмсалып жатыр.
Мәселенің мән-жайына қанық болған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Ақан Сатаев мәселені жеткілікті түрде егжей-тегжейлі айтты. Мұнда көптеген мәселелер бар, бірақ мен бір ғана фактіні айта аламын. 30 жыл ішінде «Қазақфильм» 600 фильм шығарса, 52 фильм жарыққа шықты, бұл 8 пайызды құрайды. Мәселе мынада, бір жерде авторлық құқықты сақтамау бар, бір жерде техникалық талаптар бар. Қанша фильмнің табыс әкелгенін қазір айтпай-ақ қояйын. Айтар болсам, бүкіл алқаның жадында тек осы сандар ғана қалады. Біз бүкіл мәселені көтеріп, осы жағдайды талдап, түзетуіміз керек» деп атап өтті.
«Қазақфильм» — ұлттық идеологияның ұстыны. Қоғамның рухани кемелденуіне де айрықша еңбек сіңіріп келе жатқаны да жасырын емес. Туындысы әлем шарлаған мекеменің бүгінгі бет-бейнесі солғын тартып тұрса, ұлттың ұтылары көп деген сөз. Министр қолға алған мәселенің тез арада шешіліп, шығармашылық ортаның ұпайы түгенделе түседі деп сенеміз. Қалғаны уақыттың еншісінде…