ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ПЕРЗЕНТХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ
Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірліктері мемлекетінің қаржысы есебінен 80 орынға лайықталған перзентхана салынады.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жазады.
Осыған байланысты киелі қалада Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан салынатын «Ана мен бала орталығының» іргетасына капсула салды.
Капсуладағы жазбада «Біз денсаулық сақтау саласының маңызды нысандарының бірі – Шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянның Түркістан тұрғындары үшін қайырымдылық көмегі болып табылатын құрылыс алаңына капсула саламыз. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен Абу-Даби Даму қоры бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бастама Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасы арасындағы тығыз тарихи байланыстар мен стратегиялық әріптестікті нығайтудың символы, сондай-ақ Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға және Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі болып табылады», -деген мәтін бар.
Абу-Дабидің мұрагер ханзадасының қолдауымен бой көтеретін жаңа перзентхананың құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарлануда. Ғимараттың жалпы ауданы 8 мың шаршы метр, жер аумағы -3 000 шаршы метр. Заманауи перзентхана еуропалық үлгіде бой көтереді.