ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА ЗОР ЖӘРДЕМ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Дән-Ек» қоры жылдар бойы баспана азабын тартып жүрген жалғызбасты анаға үй сыйлады.
Бұл – аталған қордың мұқтаж жанға табыстап отырған алғашқы үйі.
Үйлі болған қуаныш иесінің есімі – Айдынгүл Дауленова. Үш баланың анасы таңалакеуімнен бастап күн ұясына батқанға дейін еңбектің соңында жүреді. Алқапқа шығып, көкөніс тереді. Күнделікті тапқан табысы үй алу былай тұрсын, тамағына әзер жетеді. Ол қайырлы іс жасап, көмек қолын созған барлық игі жақсыларға алғысын білдіреді.
Айта кетейік, «Дән-Ек» қайырымдылық қорын Түлкібастағы имамдар мен еріктілер құрған. Қор алдағы уақытта да көмекке зәру азаматтарға қол ұшын созуға ниетті.
«Уақыт».