31 МЛН ТЕҢГЕ ЖЕЛГЕ ҰШПАДЫ
Шымкент қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Айман Қожамұратова ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте онлайн сауда жасау кезінде қандай детальдарға мән беру қажеттігін айтып берді.
Өз кезегінде Айман Ақанқызы онлайн сауда жасау кезінде интернет-дүкеннің шын мәнінде барына, оның жұмыс істейтініне көз жеткізу қажеттігін ескерте отырып, «Телефоны, мекенжайы, реквизиті және мемлекеттік тіркеуін тексеріңіз. Төлем жүргізілген соң, міндетті түрде электронды чек жіберілуі тиіс. Бұл жағдайда тауарды ауыстыруға не қайтаруға болады. Себебі, кепілдік мерзімі тапсырыс жеткізілген сәттен бастап жүреді»,- деп атап өтті.
Спикердің сөзінше, осы жылдың үшінші тоқсанында департаментке 1300-ден астам арыз-шағым келіп түскен. Келіп түскен шағымдар департамент мамандарымен қаралып, нәтижесінде Шымкент қаласы тұтынушыларына 31 млн. теңгеден астам ақшалай қаражат қайтарылған.Осылайша департамент мамандары 31 млн. теңгенің желге ұшпауына ықпал еткен. Арыздардың басым бөлігі бөлшек сауда, көлік қызметтері және интернет саудасына қарасты.
Егер сіздің алған тауарыңыз ойдағыдай болмаса немесе сапасы сын көтермесе, Шымкент қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің +7(747)936-41-84 нөмеріне хабарласып, ондағы мамандардан кеңес алуыңызға болады.