БАДАМДЫ АБАТТАНДЫРУ БИЫЛ БІТЕДІ
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Бадам өзені аумағын абаттандырудың екінші кезеңі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Өзенді абаттандырудың екінші кезеңі мұнай зауытынан «Забадам» шағын ауданына дейінгі аумақты қамтиды.
Алғашқы кезеңде үш шақырым аумақ жөнделіп, пайдалануға берілген. 2014 жылы бастау алған екінші кезеңдегі жобаға сәйкес 6,7 шақырым жер абаттандырылуы қажет.
2021 жылға дейін 4,5 шақырым өзен жағалауы бетондалып, 311 жарықшам орнатылған. 12 мың шаршы метрге асфальт жабындысы төселіп, жаяу жүргіншілер көпірі мен 2 бөгет салынып, 24 мың шаршы метр аумақ абаттандырылған.
Қазір жаяу жүргіншілер жолы мен айналаны шолу көпірін салу, жағалауды бетондау және 4,8 шақырым аумақты абаттандыру жұмысы атқарылуда. Нысан 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.